«Қазгидромет» мәліметі бойынша, еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі биылғы вегетация маусымында жауын-шашын тапшы болып тұр. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым мен Солтүстік Еуразиялық климат орталығының болжамдарында гидрологиялық құрғақшылықтың ықтималдығы жоғары. Бұл ауыл шаруашылығына қатер тудырып отыр, әсіресе Сырдария өзені бассейні бойында құрғақ ауа райы ұзақ уақыт сақталар болса, кейбір жерлерде егін қурап кетуі мүмкін. Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов су қоймаларының жай-күйімен танысты. Мәселені шешу үшін нақты тапсырмалар берді.


Су беруді оңтайландыру тек ішкі шаралармен шектелмейді. Үкімет Сырдария өзенінің жоғары жағында орналасқан көршілес мемлекеттермен Орталық Азияның мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы аясында келіссөздер жүргізуде. Қол жеткізілген келісімдер суды уақтылы алуға мүмкіндік береді.


НҰРБОЛ ТҰРАШБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Шардара су қоймасы арқылы бізде 74 мың гектар жер ағын сумен қамтамасыз етіледі. Шардара ауданы Арыс, Отырар аудандары бүгінгі таңда белгіленген лимит 987 болатын болса 858 млн кубын қазіргі таңда алып отырмыз.


Агроөнеркәсіп кешені – экономиканың негізгі секторларының бірі. Қазіргі жағдайда су ресурстарын қажетіне қарай және қатаң қадағалай отырып бөлу ерекше маңызға ие. Министрліктен көршілес елдермен су беру режимдерін келісу және туындаған мәселелерге жедел ден қою, соның ішінде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды үйлестіру тапсырылған.


ЗҰЛПЫХАР ЖОЛДАСОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ

 Су шамамен азайған кезде ауыз суға да әсер етеді. 32 мың халқы бар Шардара қаласы бар толық қаланы қамтамасыз еткенде су деңгейі де сапасы да азайып кетеді. Қазір ондай қауіп жоқ бірақ алдын ала сондай шараларды істеп жатырмыз


Көксарай» су реттегіш нысанын тексеру қорытындысында Премьер-министр Су ресурстары және ирригация министрлігіне контрреттегіштің толық қуатында жұмыс істеуін қалпына келтіру мақсатында реконструкциялау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл өзен ағынын қажетіне қарай реттеу және оңтүстік өңірлердегі шаруаларды тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін қажет.