Қазіргі таңда азаматтардың құқықтық сауаты төмендеп барады. Әсіресе, қарызға ақша беру немесе мүлікті бейтаныс адамға рәсімдеу кезінде заң талаптары жиі сақталмайды. Осы салғырттықтың кесірінен мыңдаған адам зардап шегуде. Осындай қиын жағдайға тап болған азаматтарға Әділет департаменті тегін заңгерлік кеңес ұсынуда. Бұл шара Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орайластырылып өткізілді.


Әділет департаменті — азаматтарға заңгерлік көмек көрсететін ең сенімді мекеме. Құқықтық сауаттылықты арттыру және тұрғындарға дұрыс бағыт көрсету мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға түрлі сала мамандары арнайы шақырылған. Олар еліміздің заңнамасы негізінде тегін кеңес берді.


Мамандар тұрғындардың мүлік мәселесіне немқұрайлы қарайтынын атап, ескерту жасауда. Мысалы, біреуге онлайн несие рәсімдеп беру немесе қарызға ақша беріп, оны қайтара алмау жағдайлары жиі кездеседі.


 Бұл күні жеке сот орындаушылардың жұмысына қатысты арыз-шағымдар көп түсті. Азаматтар әсіресе есепшотты бұғаттау, көлік жүргізу құқығынан айыру секілді мәселелерге тап болып отыр. Сонымен қатар, алимент өндіру бойынша да шағымдар қабылданды.