Шарадаралықтар ауыз сумен қамтылады. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде іске асып келеді. Бас су торабында туындаған мәселелер дер кезінде шешіліп, жағдай бақылауға алынған. Арнайы штаб құрылып, мамандардың қатысуымен нақты шаралар атқарылып жатыр.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудандағы су нысандарын аралады. Қызылқұм магистралды мен «Арнасай» су бөгетіне барып, жұмыстарға шолу жасады. Сала мамандарымен кеңесіп, су тапшылығын жою бағытында атқарылып жатқан істердің есебін тыңдады. Жауаптыларға нақты тапсырмаларды жүктеді.
Қуаттылығы тәулігіне 9 000 м³ -ді құрайтын бас су торабына 6 520 абонент тіркелген. «Шардара сервис» кәсіпорнына қарасты нысан 1983 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда келіп құятын аймақ сулары арнайы тазартылып, тұтынушыларға жеткізіледі. Жұмыс өнімділігін арттыру мақсатында қосымша сорғы орнатылып, диаметрі 200 мм болатын полиэтилен құбыры іске қосылған. Тұрғындарға су тасымалдау жұмыстары жүйеленіп, 10 су тасымалдаушы көлік пен 28 дана су ыдысы жеткізілген.
Сапар барысында өңір басшысы Шардара қаласын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында салынып жатқан «Шардара топтық су құбыры» жобасының құрылыс жұмысымен танысты. Жауапты мамандар мен мердігер ұйым өкілдеріне құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстау қажетін ескертті. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда 32 мың тұрғын ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Құбырдың тәуліктік қуаттылығы – 12 000 м³, ал жобаның жалпы құны 4,5 млрд теңгені құрайды.