Колледжге түсуге ниеттілер қатары артып, жұмысшы мамандықтарына қызығушылық күн санап өсіп келеді. Сарапшылар бұл үрдісті кәсіби бағдар беру жұмысының жетілуімен және өндірістік тәжірибе алаңдарының кеңеюімен байланыстырады. Мысалы, Ленгір қаласындағы №8 техникалық колледж ұжымы студенттерін түрлі өндіріс орындарына жіберіп, мамандығын терең меңгеруге мүмкіндік жасап отыр. Айта кетерлігі, бұл колледж жолдаған студенттердің 60 пайызы тағылымдамадан сәтті өтіп, сол кәсіпорындарда тұрақты жұмысқа орналасады. Толығырақ тілші баяндасын.
Колледж түлегі Сәбит Иманғали оқуын аяқтаған соң бірден мамандығына сәйкес жұмысқа орналасқан. Қазіргі таңда ол жастар бағдарламасы аясында «Казпласт» тігін кәсіпорнында еңбек етеді. Өндірістік тәжірибе кезінде жинаған білімі мен дағдылары жұмысына оң әсерін тигізіп жатқанын айтады.
СӘБИТ ИМАНҒАЛИ, «КАЗПЛАСТ» ЖШС ҚЫЗМЕТКЕРІ
– «Мен осы жерде клапн аударамын.» «Киімге жалғайды. Сол үшін қажет.» «Өкінбеймін осы мамандықты таңдағаныма!»
«Казпласт» кәсіпорны 2021 жылы техникалық колледжбен екіжақты меморандумға қол қойған. Жыл сайын шамамен 50 студентті тәжірибеден өткізіп, теориялық білімін практикада шыңдауға мүмкіндік береді. Тағылымдама барысында жақсы нәтиже көрсеткен студенттерді мекеме тұрақты жұмысқа қабылдайды.
ГҮЛЖАН ҚАЛЫМБЕТОВА, «КАЗПЛАСТ» ЖШС МЕНЕДЖЕРІ
– «Жастар практикасы, үімет қаулысымен жұмысқа қабылдаймыз.» «15-20 қыздар қалады бізде» «Ол қыздардың жалақысы 120 мың теңгеден басталады. Әр қарай өсе береді.»
НҰРСҰЛУ ҚАЛИЕВА, №8 ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫ
– «Тігінші мамандары осы жердегі құрылғыларда жұмыс істеп, осы жерге жұмысқа орналасты. 60 пайыз студентіміз қазір осы жерде жұмыс істеп жүр.»
Колледж ұжымы серіктес кәсіпорынмен бірлесіп, талапкерлерге арналған ашық есік күнін ұйымдастырды. Тігінші болуды армандайтын Алуа Мұхаммеджан бала кезінен инемен іс тігуді үйренген. Іс-тәжірибе алаңын аралаған соң, бұл мамандықты таңдауда қателеспегенін түсінді.
АЛУА МҰХАММЕДЖАН, ТАЛАПКЕР
– «Тігін цехындағы аппараттарды, мүмкіндіктерді шолып көрдім. Соның арқасында осы салаға деген қызығушылығым одан әрі артты.»
Қазіргі таңда жұмысшы мамандықтарға деген сұраныстың артуы – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді. Колледждер мен өндірістік кәсіпорындардың тығыз әріптестігі нәтижесінде студенттер тек теориямен шектелмей, нақты тәжірибе жинақтап, еңбек нарығына дайын күйде шығады.