«Ауыл» партиясының Шымкент қаласы бойынша аймақтық филиалына жаңа жетекші тағайындалды. Жаңадан тағайындалған басшыны партия мүшелеріне қалаға іссапармен келген Қуаныш Сейітжанов таныстырды. Сондай-ақ партия ішіндегі ұйымдастырушылық өзгерістермен тілшілер де танысып қайтты.


Кездесуге партия мүшелері, ардагерлер, жастар қанатының өкілдері және жергілікті белсенділер қатысты. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары, ауылдық аумақтарды қолдау және тұрғындармен тікелей байланыс орнату мәселелері жан-жақты талқыланды.


ҚУАНЫШ СЕЙІТЖАНОВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒА ОРЫНБАСАРЫ

Партиямыздың басты міндеті – елдің әр өңірінде нақты жобалар арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл бағытта ауыл мен қала арасындағы байланысты күшейтіп, әрбір тұрғынның пікірін ескеруге басымдық береміз.


 Бүгінде Шымкент қаласында ғана емес, бірден бес өңірде жетекшілер ауысып, партияішілік әкімшілік өзгерістер орын алып отыр. Жаңа жетекші өз сөзінде жергілікті филиалдың жұмысы алдағы уақытта жаңа серпін алып, нақты бастамалар мен жобалар жүзеге асатынын айтты.


 ҒАНИ ҚАРАБЕКОВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ӨҢІРЛІК ФИЛИАЛ ТӨРАҒАСЫ

Біздің өзіміздің үлкееен жобаларымыз бар. Қазір Шымкент қаласына 42 елді мекен қосылып жатыр. Жалпы партия тек ауылдарда емес, мынау білім беру саласында да бірқатар жұмыстар атқарып келеді.


 Бұл сапар – «Ауыл» партиясының өңірлік құрылымдарын нығайтуға, қоғамдық-саяси белсенділікті арттыруға және халықпен етене жұмыс істеуге бағытталған маңызды қадам. «Ауыл» – ел болашағы ауылдан басталатынын ұстаным еткен халықтық партия.