Құрылыс саласындағы заңбұзушылықтар тыйылар емес. Түркістан облысында Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы 192 нысанды тексеру кезінде 562 заңбұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде мердігер мекеме өкілдеріне 150 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Жыл басынан бері облыста 1 147 нысанда құрылыс монтаждау жұмыстары басталған. Оның 188-і мемлекеттік бюджет есебінен, 959-ы жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен салынып жатыр.
ЖАЛҚҰЛ СҰЛТАНҒАЛИ, МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Басқармамен облыс аумағында заң талаптарын сақтамай салынған 190 құрылыс нысандарына тексеру жұмыстары жүргізіліп 562 заңбұзушылықтар анықталып, 163,15 млн. теңге айыппұл салынды. Нәтижесінде заңбұзушылықтарды жоюға 187 нұсқама, оның ішінде 40 нұсқама бөлшектеп бұзуға берілді. Сонымен бірге жыл басынан бастап сотқа 8 нысанды мәжбүрлеп бұзуға талап арыз жолданып, оның 2-еуі қанағаттандырылып, қалғандары қарау үстінде.
Өңір басшысы жиын барысында заңсыз құрылыстарға жол бермеу және оларды жою бағытындағы шараларды күшейту қажеттігін атап өтті. Саланың жауапты мамандары мен аудан қала әкімдеріне заң талаптарына сай жұмыс жүргізуді тапсырды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Себеппен емес, салдармен күресетін уақыт келді. Алдағы уақытта жаңадан заңсыз құрылыс нысандары анықталған жағдайда, бірінші кезекте ауыл округ әкімдеріне және аудан әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларына тәртіптік шара көрілетінін ескертемін. Сонымен қатар аудан, қала әкімдіктері мен ауыл окург әкімдері тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізіп, заңсыз салынған құрылыс нысандарын заң талаптарына сәйкес ретке келтіруі тиіс. Салынып қойған құрылыстарға рұқсат құжаттарын рәсімдеп беру тәжірибесін тоқтатуды тапсырамын.
Нұралхан Көшеров жаңадан салынатын жекеменшік нысандарға бақылау жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар бөлшектеп және сот шешімімен бұзуға берілген нысандарды қатаң қадағалауға алуды жүктеді.