Түркістан облысында заңсыз кеурек өндірген 100-ден аса шетел азаматы ұсталды. Полицейлер жыл басынан бері Арыс, Отырар және Сарыағаш аудандарында дәрілік қасиеті бар шөпті заңсыз жинаумен айналысқан 116 шетелдік азаматты анықтап, тиісті шара көрген.
Құқық бұзушылардың басым бөлігі елден шығарылды. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған бес қазақстандық азамат та жауапқа тартылды. Мәселен, Арыс ауданында "кеурек" қазумен айналысқан 68 шетелдік ұсталды. Сот шешімімен олардың 54-і елден шығарылып, 14-іне айыппұл салынды. Тамыз айында жүргізілген кезекті рейд барысында Арыс ауданында кеуректі заңсыз жинап жүрген тағы 14 шетелдік ұсталған. Жиналған материалдар аудандық сотқа жолданып, күдіктілер заң алдында жауапқа тартылған.