Аз қамтылған және мемлекет қолдауына мұқтаж балаларды мектепке дайындау үшін бюджеттен 23 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат кемінде 500 мың баланың оқу-құралын түгендеуге жеткілікті. Енді оны облыс әкімдері дұрыс басқаруы тиіс, - деді Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов. Ал, оқу-ағарту министрлігіне 1 қыркүйекке дейін барлық оқушыларды кітаппен толық қамтамасыз ету жүктелді. Бұдан бөлек, Еліміз бойынша 34 мектепте жөндеу жұмыстары оқу жылы басталғанша аяқталмай қалуы мүмкін. Үкімет басшысы жауапты органдар мен мердігерлерге жұмысты жеделдетуді тапсырды. Жиын барысында Премьер-министр оқу орындарындағы қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударды.


ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ

Мемлекет басшысының бірыңғай қауіпсіздік жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмасы сапалды әрі белгіленген мерзімде орындалуы керек. Білім беру мекемелерінде лицензиясы бар күзет, турникеттер, жедел басқару орталықтарына қосылған камералар міндетті түрде болуға тиіс. Мұның барлығы оқу орындарында балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне кепілдік береді.


ҮШ ЖЫЛДА ҮШ АУСЫМДЫ МЕКТЕПТЕРДІҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕДІ


Алдағы үш жыл ішінде елімізде үш ауысымды мектептер мәселесі толықтай жойылады. Бұл жөнінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді. Оның айтуынша, елімізде бірінші сыныпқа баратын оқушылар саны жыл сайын тұрақты түрде артып келеді. Мәселен, биыл 341 мың бүлдіршін бірінші сыныпқа барады. Ал мектеп бітірушілер саны бұдан шамамен 100 мыңға аз. Кейбір өңірлерде оқушы саны уақытша тұрақталғанымен, келесі оқу жылында мәселе қайта туындап жатады. Бұл проблема әсіресе Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Түркістан облысында ерекше өзекті. Қазіргі таңда өңірлердегі демографиялық өсім мен оқушы санына байланысты жағдай жан-жақты сараланып, нақты шаралар қабылдануда.


 ҒАНИ БЕЙСЕЕМБАЕВ ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ

Тағы да бір мәселе туындауы мүмкін. Оны да біз жоспарлап көріп отырмыз.Егер біз қазір ескі мектептерді де жаңғыртпасақ ондағы оқушылардың жаңа мектептерге ауысу мәселесі де ушығады де біздің соғылып жатқан мектептерге ол мектептердің келу ағымы көбейгендіктен бұл мәселе тоқтамауы мүмкін. Сондықтан қажетті ауылдағы, шалғайдағы мектептерді де келешек мектептердің деңгейіне жеткізу бағытында қазір тиісті шаралар қабылдап жатырмыз