Шардаралық көпбалалы ана үшем дүниеге әкеліп, 11 баланың анасы атанды. 43 жастағы әйел тоғызыншы жүктілігінде үш ұл босанды. Аслан, Алихан және Алинұр есімді нәрестелер бүгін №1 облыстық перинаталдық орталықтан аман-есен үйлеріне шығарылды.


Орынкүл Нұрабаеваның 4 ұлы мен 5 қызы бар. Тоғызыншы жүктілігінің 36-аптасында жағдайы күрт нашарлап, Шымкент қаласындағы облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілген. Онда қажетті ем-дом алып, кесар тілігі арқылы босанды. Қазір ана мен үшемнің жағдайы қалыпты.


ГҮЛМИРА ЖҰМАХАНҚЫЗЫ, №1 ОБЛЫСТЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ДӘРІГЕРІ

Ана мен сәбилердің жағдайы жақсы. Үшемдер толық мерзімінде, дені сау болып дүниеге келді. Біз олардың әрі қарай да аман-есен өсуі үшін барлық бақылауды жалғастырамыз.


Нәрестелер өмірінің алғашқы айларында реанимация бөлімінде ем қабылдады. Олар шамамен екі ай бойы дәрігерлердің қатаң бақылауында болды. Үш бірдей сәбиін аман-есен бауырына басқан ана ақ халаттыларға алғысын білдірді.


ОРЫНКҮЛ НҰРАБАЕВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА

Аллаға шүкір, үш жұлдызым аман-есен дүниеге келді. Дәрігерлердің мейірімді күтімі мен кәсіби еңбегінің арқасында өзімді де, сәбилерімді де жақсы сезініп отырмын. Бұл – біздің өміріміздегі ең үлкен қуаныш


Айтып өтейік, Түркістан облысында жыл басынан бері 3108 сәби дүниеге келген. Оның 105-і – ұл, 100-і – қыз. 72 егіз бен төрт үшем дүние есігін ашқан.