Жыл басынан бері қоғамдық кеңес мүшелері 5 отырыс өткізіп, 8 басқарма мен 1 аудан әкімдігі және 1 департамент басшылығының баяндамасын тыңдады. Келелі кеңесте 15 мәселе қаралып, 5 хаттама толтырылған. Соның негізінде мемлекеттік органдарға 50-ге жуық ұсыным жолданыпты. Көтерілген мәселелер шешімін тапты ма? Жиынның маңызы мен қоғамдағы рөлі қандай? Қанат Жолдасбек баяндайды.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Жарты жылдықтың есебін берген Бұхарбай Парманов биыл кеңеске 15 тұлғадан өтінім келіп түскенінін айтады. Қоғамдық жиын мүшелері арыз-шағымдарды заңнама талаптарына сай қарап, тиісті органдарға жөнелткен. Сондай-ақ олар қаланың бірқатар нысандарында қоғамдық бақылау жүргізіп, сын-ескертпе, ұсыныс-пікір жолдаған. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 1300 түп ағаш отырғызған.
БҰХАРБАЙ ПАРМАНОВ, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ
– «Қоғамдық кеңес мүшелері қаладағы өзекті мәселелер бойынша мониторинг жүргіздік. Ескі қалашыққа бардық, тазалық жұыстарын назарға алдық. Металург саябағының абаттандыру жұмыстарымен таныстық. Бозарықтағы бейберекет қоқыстарды да назардан тыс қалдырмадық.»
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Кеңес құрамында түрлі сала өкілдерінен құралған 29 мүше бар. Әрбірі қоғамдық мәселелерге үн қосып, түйіткілдердің шешімін табуға атсалысады. Сондай-ақ биыл кеңес жанынан 4 тұрақты комиссия құрылған. Олар түрлі салалар бойынша өзекті тақырыптарды талдап, жауаптыларға ұсыныс-пікір дайындайды.
БҰХАРБАЙ ПАРМАНОВ, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ
– «Әр апта сайын қоғамдық кеңестің ішкі жиналысы өтіп тұрады. Онда қорадаланған мәселелер талқыланады.»
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Баспасөз отырысы әрі қарай сұрақ жауап форматына жалғасты. Қоғамдық кеңес төрағасы БАҚ өкілдері жолдаған сауалдарға жауап беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.