1 қыркүйекке дайынбыз ба? Шымкент мектептері жаңа оқу жылын қалай бастайды? Сынып бөлмелері жеткілікті ме, оқулықтар дер кезінде жеткізіле ме? Ал қауіпсіздік деңгейі қандай? Осы және өзге де сұрақтарға қала әкімінің орынбасары, әкімдік атынан ресми мәлімдеме жасаған Сәрсен Құранбек брифинг барысында жауап берді.


 Биыл Шымкентте 397 мыңнан аса оқушы мектеп табалдырығын аттайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8 мың балаға артық. Қалада жалпы 1 352 білім мекемесі жұмыс істейді. Оның 270-і – мемлекеттік, ал 1 086-сы – жекеменшік ұйымдар. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттағы 56 мыңнан астам шәкіртке қолдау ретінде 2,6 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бұл – әрбір оқушыға шамамен 46 500 теңге көлемінде көмек көрсетіледі деген сөз.


 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ

 Биылғы жылдың ерекшелігі – бұған дейін бұл көмек тек мемлекеттік мектептерде оқитын балаларға ғана көрсетіліп келсе, енді биылдан бастап жекеменшік мектептердегі оқушылар да қолдау алатын болады. Бір реттік көмек 46 500 теңгені құрайды. Бұл – балалардың мектепке қажетті құрал-жабдықтарын алуға арналған қаржы.


Оқулықтар сатып алуға 2,1 миллиард теңге бөлініп, 11 түрлі баспамен келісімшарт жасалған. Барлық қажетті кітаптар 20 тамызға дейін білім ордаларына жеткізіледі. Қазіргі таңда шаһардағы 10 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл нысандар жаңа оқу жылы басталғанға дейін толықтай дайын болады деп жоспарланған. Мектеп тапшылығын азайту мақсатында алты оқу ғимаратының құрылысы жүрсе, соның үшеуі биыл қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, «Келешек мектептері» ұлттық бағдарламасы аясында тағы бір жаңа білім беру мекемесі есігін ашпақ.


 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ

Келешек мектептері ұлттық жобасы аясында Таскенде 1 мектептің құрлысы аяқталды. 1500 орынға арналған. Қазіргі таңда Тельманда жергілікті бюджеттің есебінен 1200 орындық мектеп салынып жатыр. Бұл мектетің де құрлысы 99 пайыз аяқталды. Мұғалімдерді қабылдауға коукурс жарияланды. Балаларды қабылдау жұмыстары басталды.


Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмаған. Білім мекемелерінің барлығы бейнебақылау жүйелерімен, дабыл түймелерімен және турникеттермен қамтамасыз етілген. 2025 жылы «Айқын» жобасы аясында барлық оқу кабинеттеріне қосымша бақылау камералары мен кіру-рұқсат жүйелері орнатылады. Жылыту маусымына дайындық та толық тексеруден өткен.


 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ

Білім беру ұйымдарында алдағы жылыту маусымын қамтамасыз ету үшін отынға 259,9 млн теңге қаражат бөлініп, бүгінгі күнге қатты отынның 60 %, сұйық отынның 100 % жеткізілді. Қазандықтар 1 қыркүйекке дейін 100 пайыз тексерілуден өтетін болады.


Сәрсен Абайұлының айтуынша, барлық жоспарланған жұмыс өз мерзімінде аяқталып, 1 қыркүйекте оқушылар толық дайын мектептерге барады.