Түркістандық жас балуан Ернұр Батырғали халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап қайтты. Болгарияның София қаласында 27-30 тамыз күндері өткен жасөспірімдер арасындағы дзюдодан Әлем чемпионатында ол 60 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, алтын медаль иегері атанды.
Чемпионды Түркістан халықаралық әуежайынан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров бастаған сала мамандары мен туған-туыстары сән-салтанатпен қарсы алды. Айта кетейік, Ернұр Батырғали - Бекзат Саттарханов атындағы Түркістан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің шәкірті. Бұл жеңіс - Түркістан спорты үшін зор мақтаныш әрі Қазақстан дзюдосының халықаралық беделін арттырған айтулы оқиға.