Ордабасыда ауқымды жылыжай кешені ашылмақ. Ауданды аралаған облыс әкімі «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Шұбарсу елді мекенінде бой көтеріп жатқан жылыжайда қызанақ пен қияр өсіріліп, өнімдер ішкі нарыққа жеткізіліп, жергілікті базарлар мен сауда орындарына жөнелтілмек.


Кешен жобасының жалпы құны - 250 миллион теңгені құрайды. 7,5 гектар аумақты алып жатқан жылыжайда қазіргі таңда 0,18 гектар аумаққа қияр дақылы жерсіндіріліп, алғашқы агротехникалық жұмыстар басталып кеткен. Жобаға қызығушылық танытқан 30 азамат «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы қаржылай қолдауға ие болып үлгерді. Олардың 20-сына жалпы көлемі 167 миллион теңге несие рәсімделген. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашып, табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді,- дейді аймақ басшысы Нұралхан Көшеров. Ол аталған кешен құрылысының маңыздылығына тоқталып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тартудың маңызын атап өтті.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

 Сіздер бүгін нақты нәтиже көрсетіп отырсыздар. Біріншіден Мемлекет басшысы атынан өздерініңізге рахмет айтамын! Осындай жобалар іске аса берсін. Әрқайсыларыңыз өз кәсіптеріңізді домалатып, табысты болып, құдай қаласа шаруашылықты бастап, беделді, бай адамдардың бірі болып жүре беріңіздер.