Мемлекет басшысы бүгінгі Қазақстан Халқына жолдауында екінші деңгейлі банктердің ақшасын экономикаға барынша тарту қажет екенін айтты. Бұл мәселені Үкімет пен Ұлттық банкке тапсырды.
«Екінші дәрежелі банктер нақты секторға белсенді түрде қаржы салуы керек. Қазақстандағы банктердің активтері мен қаражаты дамыған елдерге қарағанда орта есеппен бірнеше есе көп пайда әкеледі. Себебі біздің банктер экономикаға несие бергеннен гөрі, қаржылық тәуекелі төмен бағыттарға ақша салғанды жөн көреді. Ұлттық банк пен Үкімет банктердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табуы қажет. Енді бұл мәселені созуға болмайды. Шұғыл шешу қажет», - деді Президент өз сөзінде.