Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында еліміздің саяси жүйесін өзгертуге қатысты бастама көтерді. Мемлекет басшысы келесі жылы Парламент бір палаталы жүйеге өтуі мүмкін екенін айтты. Бұл мәселе референдум арқылы халықтың таңдауына салынбақ.


 Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда бірпалаталы Жоғарғы Кеңес жұмыс істеген еді. Алайда ол саяси тұрақсыздық жағдайында тиімсіз болды. 1995 жылдан бастап екі палаталы Парламент құрылды. Президент егер бір палаталы жүйеге көшу жүзеге асса, депутаттар тек партиялық тізім арқылы сайлануы қажет екенін атап өтті.


БАРШАГҮЛ ИСАБЕК, ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ ПРОРЕКТОРЫ

Бір палаталы жүйе арқылы мемлекетті басқарудың тиімді жақтары болады деп ойлаймыз. Алдыңғы қатарлы мемлекеттерде де осындай тәжірибе бар. Президент бұл бастаманы референдум арқылы өткіземіз деді.


Жолдауда жастар тәрбиесі де назардан тыс қалмады. Мемлекет басшысы патриотизмді әсіре ұлтшылдық пен діни радикализмге теңеудің қате екенін атап өтті. Жастардың басты міндеті – білімге ұмтылып, жаңашылдықты қолдау.


АСЫЛХАН ҚАЛДАРБЕК, ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ СТУДЕНТІ

 Өкінішке қарай кей жастар патриотизмді дұрыс түсінбей жүр. Президент айтқандай, нағыз патриотизм – мемлекеттің дамуына үлес қосу. Біз қазір университетте жасанды интеллектіні үйреніп жатырмыз. Бұл – болашақ үшін маңызды қадам.


Жолдауда ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселесі де көтерілді. Соңғы үш жылда 13,5 миллион гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылғанымен, оның тек жартысы ғана жаңа иелеріне таратылған.