Ордабасы ауданында заманауи автоматтандырылған кірпіш зауыты ашылды. Жаңа кәсіпорын 120 адамды жұмыспен қамтып, жылына 90 миллион дана кірпіш өндіруге қауқарлы.
Жеке инвестор қаражатына салынған зауыттың құны – 2,3 млрд теңге. Құрылысы небәрі төрт айда аяқталған өндіріс орны 3 гектар аумақта орналасқан. Мұнда Қытайдың соңғы үлгідегі инновациялық технологиялары қолданылып, өндіріс процесі толық автоматтандырылған. Кірпіш күйдіру кезінде газ пайдаланылады. Бұл экологиялық тұрғыдан тиімді шешім болып саналады. Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ұжымға сәттілік тіледі.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Кірпіш күйдіру процесі көмір емес, газбен жүргізіліп отыр. Бұл – атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтардың мөлшерін азайтады. Сонымен қатар, 120 тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Бұл зауыт – жаңа кәсіп пен шағын және орта бизнестің дамуына, салық түсімдері арқылы жергілікті бюджеттің нығаюына үлес қосады деп сенемін. Баршаңызды жаңа зауыттың ашылуымен шын жүректен құттықтаймы.
Ордабасы ауданында іске қосылған автоматтандырылған кірпіш зауыты – Түркістан облысының экономикалық дамуына жаңа серпін беретін жоба. Ол өңір халқын тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, экологиялық таза өнім өндіру арқылы құрылыс саласына зор үлес қоспақ.