Шымкент қалалық опера және балет театры XVIII маусымының шымылдығын түрді. Жаңа маусымның алғашқы қойылымы -Тасқын Жармұхамбетовтің «Домалақ ана» операсы. Қазақ халқының тарихында аналық мейірім мен ел бірлігінің символына айналған ұлы ананың бейнесі сахна төрінде жаңаша өрнек тапты.
Қойылымға көрнекті өнер майталмандары атсалысып, театр ұжымы көрерменге әсерлі туынды сыйлады. Жаңа маусымның тұсауын кескен «Домалақ ана» операсы көрерменнің зор қызығушылығын тудырып, қазақ өнерінің рухани қазынасын толықтырған маңызды мәдени оқиғаға айналды.
МӘДІХАН ДҮЙСЕЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ
Өздеріңізге белгілі, 2021 жылы театр басшысы М. Мұхаммеджанқызының тапсырмасы және идеясы бойынша композитор Т. Жармұхамбетовтің «Домалақ ана» операсы араға 30 жыл салып қазақ операсына қайта оралған болатын.
Опера оқиғасы жас қыз Нүриланың аналық жолға қадам басып, ғұмырын елге арнауынан бастау алады. Қойылым барысында ананың махаббаты, мейірім мен қайсарлықтың күші және ел бірлігін сақтау жолындағы парасатты қадамдары көрініс табады. Сондай-ақ, Бәйдібек батырдың бейнесі де айрықша ашылып, қазақ халқының тарихи тереңдігі мен рухани байлығы сахна тілімен өрнектелді.
ҮРАЛХАН СЕЙІЛБЕКОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫНЫҢ СОЛИСІ
Жалпы елге еңбегін сіңірген бейнені сахнаға алып шығу үшін көптеген дайындық жасалды. Оның әрбір айтатын ариясы, сөзі, образы, Бәйдібекке деген сүйіспеншілігі – барлығы көрініс табуы үшін көп еңбектендім. Соның нәтижесінде осы операға шығып отырмын.
«Домалақ ана» қойылымы -аналық махаббаттың, ел бірлігі мен рухани тұтастықтың көркем шежіресі. Жаңа маусымның алғашқы туындысы ретінде ұсынылған бұл шығарма қазақ өнерінің рухани қазынасын байытқан айтулы мәдени оқиға болды.