Топырақ жол, шаң басқан көше… Бұған дейін Ұлағат шағынауданы дәл осылай көрінетін. Енді жағдай өзгеріп жатыр. Аудан әкімдігі ішкі орам көшелерді жөндеуді қолға алды. Биылдың өзінде 72 көше орташа жөндеуден өтуде. Ал батпақ көшелерге шағал тас төселіп, тұрғындарға еркін қатынауға мүмкіндік жасалуда.
Ұлағат шағынауданында техника үні тынбайды. Асфальт төсегіштер жолдың бетіне тегіс қара жолақ салып жатыр. 40 жылдан бері осы маңда тұратын Жаңыл Спабекова көше жөнделгенін бірінші рет көріп тұр. Қуанышында шек жоқ.
ЖАҢЫЛ СПАБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бұрындары көшелеріміз қазылып кететін. Жолды жұқа істемеңдер, қалың қылып істеңдер деп айтамыз. Рахмет, бәрі түзеліп жатыр. Жол, жарық, газ келіп халық қуанып жатыр. Әкімдікке рахмет.
Аудан бойынша жөндеу жұмыстары қарқын алған. 72 көшенің 90 пайызы аяқталған. Айдын көшесі мен қиылысатын 16 көшеге асфальт төселсе, меже 100 пайызға жетпек.
МАРҒҰЛАН ЖОЛДАХМЕТ, ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қала басшылығының тапсырмасына сәйкес Еңбекші ауданындағы асфальтталмаған 123 көшені ұсындық. Бүгінге дейін 30-ға жуығы асфальтталды. Қалғандары жыл соңына дейін аяқталады.
Қазір Еңбекші ауданында жалпы ұзындығы 585 шақырым жол асфальтталған. 135 шақырым тас жол болса, небәрі 12 шақырым жолға топырақ төселген. Көптен күткен асфальт енді аудан тұрғындарының тұрмысын жеңілдетіп, балалардың да, жүргізушілердің де қауіпсіз қозғалуына жол ашпақ.