Еліміздің барлық аймақтарында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қарқын алды. Ордабасы ауданында өткен ауқымды сенбілікке орталық пен ауыл-аймақтағы мекемелер қызметкерлері, еріктілер мен жастар белсене қатысты. Бір күнде 75 тонна қалдық шығарылды.
Орталық саябақтың ішіндегі қозғалыс ерекше. Әр жерде қолға күрек, сыпырғы ұстаған адамдар жүр. Бекзада Мырзахметова мұндай шараларға үнемі қатысып жүрген белсенді тұрғын. Бұл жолы да көпжылдық ағаштардың діңгегін әктеп, аумақты тазартуға кірісті.
БЕКЗАДА МЫРЗАХМЕТОВА, ТЕМІРЛАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Тазалық әркімнің өзінен басталады ғой. Өзіміз тұратын жердің таза болуы келген қонаққа да, өзімізге де жақсы. Тазалық денсаулық кепілі. Сондықтан мұндай шараларды әрдайым қолдаймыз.
Тазалық жұмыстары тек орталықта ғана емес, ауданның барлық елдімекендерінде жүргізілді. Таңертеңнен бері 10 ауылдық округте техника гүрілдеп, адамдар қолдарына құрал алып, көшелерді тазалап жатыр. Қоқыстар тиелген жүк көліктері бірінен соң бірі полигонға бет алуда.
ОЛЖАС БОЛАТХАНҰЛЫ, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Әр аптаға бекітілген жоспарымыз бар. Жол бойларын, елдімекендердің ішкі көшелерін тазалау, қас келбеттерді реттеу, ағаш көшеттерін отырғызу бәрі жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Ұлттық жоба тек қоқыс жинаумен шектелмейді. Оның мақсаты тұрғындардың тазалық мәдениетін қалыптастыру. Акция шалғайдағы ауылдарға да жетіп, жергілікті халықтың көзқарасын өзгертуде.
ӘДІЛ ЫСҚАҚ, АУДАНДЫҚ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Біздің міндет тек мекемелерді жұмылдыру емес, халықты да тазалыққа баулу. Әркім өз үйін, өз көшесін таза ұстауға дағдыланса, бұл науқан да жалғаса береді.
Аудан бойынша сенбілікке 2500-ге жуық адам қатысты. Қоқыс жинауға 10 арнайы техника тартылып, бір күнде 75 тонна күл-қоқыс шығарылды. Мұндай шаралар өңірдің ажарын ашып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.