Ливерпульде жалауымызды көтерген боксшы Махмуд пен Төрехан Сабырхандар елге оралды. Әлем чемпионатында алтын медальға ие болған қос бауырды жерлестері иығына шапан жауып қарсы алды. Сабырхановтардың алтын жүлдесі қазақ спорты үшін тарихи жетістік. Себебі бұған дейін бір үйдің қос перзенті Әлем чемпионы атанып көрмеген.


 ПЕРИЗАТ БИНАЗАРҚЫЗЫ, ТІЛШІ

Әуежай бүгін думанға толы. Қолдарына гүл ұстап, арқасына туды жамылған халық ағайынды чемпиондарды асыға күтті. Кішкентай балалардан бастап еңкейген қартқа дейін «Чемпиондар келді!» деп шаттанып тұр.


Махмуд Сабырханов Ливерпуль төрінде кубалық қарсыласын айқын басымдықпен ұтса, Төрехан өзбек боксшысын шеберлікпен жеңіп, екеуі қатарынан алтын медаль иеленді. Бұл – қазақ спорты тарихындағы бұрын-соңды болмаған жетістік.


 МАХМУД САБЫРХАН, БОКСТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

Әр жекпе-жекте елімнің қолдауын сезіндім. Бүгін әуежайдағы мынау ыстық ықыласты көру – біздің ең үлкен марапатымыз». «Бұл қуаныш – барша Қазақстан халқының қуанышы. Бізді осылай қарсы алғандарыңыз – бізге жаңа жеңістерге шабыт береді.


ТӨРЕХАН САБЫРХАН, БОКСТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

Сындырамын,-деген әңгіме тарап кетті. Ол жерде қасымда ағам болды. Сұрадым, аға қалай болып жатыр,-деп, ол айтты, уайымдама бәрі жақсы деп, содан айттым, қазір сындырамын,-деп. Алланың қалауымен жеңіске жеттім.


ПЕРИЗАТ БИНАЗАРҚЫЗЫ, ТІЛШІ

Ағайынды Сабырхановтардың алтын жүлдесі – тек спорттық жетістік емес, ұлттық рухты көтерген тарихи оқиға. Бүгін әуежайдан басталған бұл шаттық, ертеңгі жаңа жеңістердің бастауы болмақ.Халық чемпиондарға шапан жауып, гүл ұсынып, естелік суретке түсіп, әркім бетінен сүйіп, арқасынан қақты. Әуежайдағы әрбір жанның жүзінен қуаныш пен мақтаныш сезімі айқын көрінді.