Енді қалаға кіретін ауыр жүк көліктері автоматты бақылауда болады. Шымкенттегі жол қауіпсіздігі мен инфрақұрылымды сақтау мақсатында жауаптылар магистральді жолдарға автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнатып жатыр. Қазіргі таңда алғашқы үш электронды таразы пилоттық түрде жұмыс істеп тұр. Жоба жайында әріптесім Нұрлан Пайзов толықтырып айтады.
НҰРЛАН ПАЙЗОВ, ТІЛШІ
Автоматтандырылған өлшеу станциялары фото және бейнетүсірілімді жүзеге асырады. Көлік құралдарының түрін, маркасын, мемлекеттік тіркеу белгісін, салмақтық және габариттік параметрлерін, сондай-ақ осьтік жүктемелерін тіркейді. Егер белгіленген нормадан асқан жағдайда, ауыр жүк көлігінің иесіне автоматты түрде айыппұл салынады.
Ауыр жүк көлік иелері жобаның жүзеге асқанына қарсы емес, бірақ шамадан тыс айыппұл салынса, қалтаны қағатынын айтады.
ҚЫНАБЕК ЖОРАБЕК, ЖҮРГІЗУШІ
Жүктің өз нормасынан асқаны көбейіп жатыр. Жол бұзылып жатыр деп жатасыңдар. Бірақ барлығын штрафқа тіремей, келісіп, алдын ала ескерту қарастыру керек шығар, енді бірден штрафқа кіре бермей?
Бұған дейін 25-40 тоннаға дейін жүк артқан көліктер магистралды жолдармен емін-еркін жүріп келген. Енді орнатылған электронды таразы 10 тоннадан көп жүк тиеген техниканы автоматты түрде анықтайтын болады.
ЕРМЕК НАМАЗОВ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» ШЖҚ РМК ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Артық салмақ тиелген жүк көліктері қаламыздың жолдарына ауқымды зақым келтіруде. Бір оське түсетін салмақ шектен асса, жол жабын қабаттары бүлінеді – жылжып кетеді, колеялар (іздер) пайда болады, асфальтта жарықтар түсе бастайды. Қазірдің өзінде магистральдық көшелерде дәл осы ақаулар жиі кездесуде. Мысал ретінде А-2 айналма жолын айтуға болады. Бұл автоматтандырылған өлшеуіш таразылар – осы мәселенің шешімін тарқатпақ.
Орнатылған үш бақылау таразы қазір пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Автоматтандырылған жүйе 15 қазаннан бастап толық іске қосылмақ. Яғни, бір аптадан соң артық салмақта жүк артқан көлік иелері айыппұл төлейтін болады. Мамандардың айтуынша, 8 күн ішінде тек Жібек жолы көшесінің өзінде 1600 заңбұзушылық анықталған.
ӨМІР ҚАЛЫБАЕВ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Өткен жылы үш кірме жолға – Бердіқожа батыр, Жібек жолы және Әмір-Темір көшелеріне орнатқан болатынбыз. Қазір бұл таразылар іске қосылып, тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Бақылау жұмыстарын жүргізіп, тексерістен өткіздік, калибровка жасадық. Өз тарапымыздан да салмағын өлшеу арқылы көз жеткіздік. Мысалы, бос келе жатқан автокөліктің салмағын және жүк артқан кездегі айырмашылықты бөлек таразымен салыстырдық. Қосымша өлшеу нәтижелері бір-біріне сәйкес келді.
Үшінші мегаполис арқылы тәулігіне мыңдаған көлік жүріп өтеді. Бұл жолдардың асфальт жабындысының бұзылуына әкеліп отыр.
НҰРЛАН ПАЙЗОВ, ТІЛШІ
Айта кетейік, мұндай электронды есептегіш таразылар алдағы уақытта қаланың тағы 7 жерінде орнатылмақ. Жобаға жалпы көлемі 950 млн теңге қаржы бөлінген.