Тазалық әр адамның өзінен басталады. Қоршаған ортаға жанашырлықпен қараудың өзі игі іс. Шымкенттік студенттер экологиялық акцияны қолдайды. Политехникалық колледжде «Таза Қазақстан» республикалық жобасы аясында бірнеше іс-шара ұйымдастырылды.
Сөзге шешен жастар эко-дебат өткізді. Онда «Экологиялық мәселелер – бұл әр азаматтың жеке жауапкершілігі ме, әлде мемлекеттің міндеті ме?» тақырыбында сөз сайысы қызды. Мемлекеттік органдар мен азаматтардың экологиялық мәселелерді шешудегі рөлдері талқыланды.
НҮРКЕН ҚОНЫСБЕК, ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТІ
Қоғамдық орындарда әртүрлі қоқыс тастайтын адамдар өте көп. Қазір қоқыстарды реттеуге арналған бұрыштар бар. Соны дұрыс пайдалансақ, экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етер еді.
ӘМИНА ШӘРІП, ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТІ
Дебаттың нәтижесінде біздің негізгі тақырыбымыз — табиғатты тазарту тек жеке адамның міндеті емес, оған мемлекеттің де жауапкершілігі бар екенін түсіндіру. “Таза Қазақстан” жобасы 2019 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Оның да нәтижелері өте көп. Біз колледжде әр сенбі тазалыққа шығамыз. Экологияға атсалысып жүрген ұйымдар бар.
Биология пәні бойынша «Табиғаттың жас қорғаушылары» студенттердің экологиялық мәселелерге қызығушылығын арттыруға арналған тәлім сағаты да ұйымдастырылды. Бұл шара жастардың шығармашылық және зерттеушілік дағдыларын дамытуға бағытталған. Сондай-ақ экологиялық мәдениет пен табиғатқа саналы қатынасты қалыптастыруға арналған. Студенттер статистикалық деректерді, халықаралық тәжірибеден мысалдар мен экологиялық ұйымдардың нақты практикалық кейстерін ұсынды.
ЛӘЗАТ ОРАЗОВА, ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ МҰҒАЛІМІ
Бұл іс-шараның мақсаты — дүние жүзі бойынша қозғалып жатқан экологиялық мәселелерге жастардың қызығушылығын арттыру, олардың экологияға деген көзқарасын кеңейту.
Сәулет кафедрасы студенттері «Тазалық менен басталады!» тақырыбында көркем сурет галереясын ұсынды. Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау және тұрақты дамуға арналған суреттер салды. Онда олар табиғатқа, қоршаған ортаны қорғауға және тұрақты дамуға деген қатынасын көркем шығармалары арқылы білдіруге мүмкіндік алды.