Шымкенттік дәрігерлер салмағы 700 грамм нәрестені аман алып қалды. Жүктіліктің жиырма алтыншы аптасында туылған сәби қалалық перинаталдық орталықта дүние есігін ашқан. Мамандардың айтуынша, ананың мезгілінен бұрын босануына дертінің дендеуі себеп болған.
Төмен салмақпен дүниеге келген нәресте алғашқы 56 күнін жансақтау бөлімінде өткізді. Осы кезеңде сәби дәрігерлердің қатаң бақылауында болып, қажетті емдік шараларын қабылдады. Ақ халаттылар екі жарым ай бойы шақалақтың өмірін сақтап қалу үшін аянбай күрескен.
САПАРГҮЛ ҚОЖАБАЕВА, ДӘРІГЕР-НЕОНАТОЛОГ
Өте аз салмақта туған сәбидің алғашқы 56 күні жансақтау бөлімінде дәрігерлердің жіті бақылауында өтті. Ақ желеңділер 75 күн бойы баланың өмірі үшін күресіп, заманауи медициналық технологиялар мен дәрілік препараттарды қолданды. Барлық медициналық көмек МӘМС жүйесі арқылы көрсетіледі.
Жанұясын шаттыққа кенелткен батыр ұлға Мұхаммед-Мұстафа есімі берілді. Толық сауықтырудан өткен сәби 2 350 грамм салмақпен үйіне шығарылды.
ШАХЛО МУСАМАТОВА, СӘБИДІҢ АНАСЫ
Батыр балам өте аз салмақпен дүниеге келді. Бірінші Алла, екінші дәрігерлердің арқасында аман-есен үйге шыққалы отырмыз.
Жыл басынан бері орталықта төмен салмақпен 38 сәби дүниеге келген. Мұндай нәтижелер дәрігерлердің біліктілігі мен заманауи медициналық құралдардың көмегімен жүзеге асып келеді.