Түркістандық спортшы Әсел Қанай әлемдік додада топ жарды. Каирдегі әлем чемпионатының қола жүлдегерін жерлестері әуежайдан күтіп алды. Ақтолғай жаңалықты тілші әңгімелейді.
Тарихи жеңіспен оралған Әсел Қанайды Түркістан халықаралық әуежайынан облыстық спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров бастаған спорт саласының өкілдері күтіп алды. Ата-анасы, бапкерлері және жанкүйерлері чемпион қызға ыстық ықыласын көрсетті. Спорт жанашырлары жүлдегер жерлесімізге құрмет көрсетіп, жеңісімен құттықтады.
СПИКЕР: ҒАЛЫМЖАН ХУДИЯРОВ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Әсел қызымызбен бүкіл ел болып мақтанамыз. Дегенмен Әселден күтеріміз әлі алда. Әлем жарысында жүлдегер болып жатса, әлі жеңімпаз болады деген ниеттеміз.
Мықтылар сайысқан дода Мысыр астанасы Каирде өткен. Жекелей әлем чемпионатында Түркістан облысының мақтанышы кумитеден 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғады. Түркістандық спортшы жүлдеге таласта украиналық Олександра Шолохованы 3:2 есебімен ұтып, Қазақстан қоржынына маңызды медаль салды.
ӘСЕЛ ҚАНАЙ, ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ
Бірде өзімнен он алты жас кіші египеттік қыз болды. Сол елде өтіп жатқаннан кейін кішкене қорқыныш болды. Оған дейін әлем ойындарында сол қызға есе жіберген едім. Оқу-жаттығу жиындарында үш апта бойы осы чемпионатқа дайындалдық. Қытай қызымен шыққанда да “ұтылдым” деп ойламадым.
Биылғы маусымды жоғары нәтижемен қорытындылаған Әсел Қанай қысқа демалыстан кейін Азия ойындарына тыңғылықты дайындықты бастайды. Айта кетейік, Әсел – Түркістан облыстық олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірті.