Әкімдік пен қаладағы медициналық ұйымдар баға тұрақтылығын сақтау жөніндегі меморандумға қол қойды. Келісімге сәйкес енді қаладағы дәріханалар мен бірқатар медициналық мекемелер өнім мен қызмет көрсету құнын жыл соңына дейін көтермейді.

 Қала билігі мегаполистегі жетекші медициналық және фармацевтикалық ұйымдармен ортақ келісім жасады. Мақсат – медициналық қызметтердің бағасын тұрақтандырып, инфляцияны төмендету және тұрғындарға денсаулық сақтау қызметін қолжетімді ету.

АЙДЫН КӘРІМОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
 – Меморандумдарға қол қою қала тұрғындарына медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін арттыруға тікелей ықпал етеді. Бұл келісімдер инфляциялық қысымды төмендетуге бағытталған жалпы жұмыстың маңызды бөлігі саналады

Айдын Кәрімовтің айтуынша, меморандум медициналық ұйымдардың жұмысын ашық әрі тиімді етеді. Тараптардың өзара міндеттемелері баға тұрақтылығы мен қызмет сапасын ғана сақтап қоймай, медициналық ұйымдар арасындағы адал бәсекені дамытуға, азаматтардың мүддесін қорғауға мүмкіндік береді, дейді мамандар.

ЖАНСЕРІ СУЕТОВ, ТОО «КАМЕЯ PHARM GROUP» ДИРЕКТОРЫ
 –Меморандумға қол қоямыз. Жылдың басында бекіткен бағаны көтермейміз. Мұның бәрі халыққа ауыртпашылық салмау үшін

 Айта кетейік, өткен аптада қала әкімдігі дәл осылай 100-ден аса кәсіпкерлік субъектісімен меморандумдарға қол қойған еді. Ол келісімдер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне баға тұрақтылығын сақтау, инфляцияны тежеп, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған болатын.