Түркістан қаласындағы теннис орталығында үлкен теннистен Turkestan U16 республикалық турнирі өтуде. Додаға еліміздің 12 өңірінен жиналған 64 жас ракеткашы қатысып, өзара шеберліктерін көрсетуде. Еліміздің ірі қалалары мен өңірлерінен келген ойыншылар өз аймақтарының намысы үшін бақ сынап жатыр.
«Түркістан теннис клубынан» 6 спортшы жарыс жолына шықты. Атап айтқанда: Жамшид Сұлтанов, Мәди Абибулла, Азамат Саттыбек, Адиа Кенжетай, Райиан Жолдасбек және Рахима Абджа́парова өңір абыройын жоғары деңгейде қорғауда. Клуб басшысы Алмас Таушаевтың айтуынша, орталықта спорттың үш түрі – бадминтон, үстел теннисі және үлкен теннис қарқынды дамып келеді.
АЛМАС ТАУШАЕВ, ТҮРКІСТАН ТЕННИС КЛУБЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бұған дейін 12–14 жас аралығында турнир өткізгенбіз. Жыл басынан бері 8 турнир өткіздік. Мақсатымыз – салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту, балалардың шеберлігін шыңдап, жоғары жетістіктерге жеткізу.
Биылғы маусымда клуб шәкірттері республикалық және халықаралық жарыстарда үздік нәтижелер көрсетіп, Түркістандағы теннистің әлеуетін айқын паш етуде. Осындай жетістіктер жолында Гозаль Айнитдинова, Заңғар Нұрланұлы, Әдемі Аманкелді және бадминтоншы Дмитрий Панарин сынды спортшылар елдік және халықаралық сындарда топ жарып, өңір спортын жаңа белеске шығаруда.
МӘДИ АБИБУЛЛА, СПОРТШЫ
Менің бұл спортта жүргеніме 10 жыл болды. Жетістіктерім жеткілікті. Қазақстан кубогы мен Азия ойындарында чемпион болдым. Күніне екі жаттығу жасап, осы турнирге дайындалдық.
Енді 5–7 желтоқсан күндері теннис орталығының ұйымдастыруымен әуесқойлар арасында «Түркістан теннис клубының» жүлдесіне арналған ашық республикалық турнир өтеді. Спорттық ұйым енді осы бәсекеге дайындығын күшейтпек.