Шымкентте жаңадан ашылған мұз айдынында мәнерлеп сырғанаудан өнер көрсетілімі өтті. Шараны №8 қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырды. Ашық аспан астында өткен шығармашылық кеш қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.


 Қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлаған кешке аталған білім ошағының 15 спортшысы қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының спорт шеберлері, халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.


КӘУСАР ЫБЫРАЙ, МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУШЫ
Мен 5 жасымнан бері мәнерлеп сырғанаумен айналысамын. Бүгін арнайы қойылыммен келіп отырмыз. Халық көп жиналып жатыр, бұл да бізге ерекше шабыт сыйлайды.


Шара аясында қысқа және еркін бағдарламалар, сондай-ақ топтық би қойылымдары ұсынылды. Атап айтқанда, «Ангелы» атты жалпы би нөмірін 8 спортшы орындап шықты. Сондай-ақ кеш барысында қазақтың Адай күйіне арналған «Батл» композициясы да көрерменге жол тартты.


БАҚЫТЖАН ПОЗИЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ДЕПУТАТЫ
Бұл – қала билігінің тікелей бастамасы. Шымкентте осындай кештер жиі өтіп тұрады. Өйткені бүгінде мұз айдындарының саны артып келеді. Бұл – қуантарлық жағдай.


ЖАНАР АСҚАРБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Осы концерт болады деп естіп, балаларымды арнайы алып келдім. Кешке әрең үлгердік. Атмосферасы да, көңіл-күйі де керемет.


Аталған іс-шара жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға, мәнерлеп сырғанауды кеңінен насихаттауға және қала тұрғындарына жоғары деңгейдегі спорттық-мәдени кеш сыйлауға бағытталған.