Бірнеше қалалық емхана сенімгерлік басқаруға беріліп, мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылады. Бұл туралы бүгін денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Қайрат Қалибеков мәлімдеді. Ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен брифингте жыл бойы атқарылған жұмыстарды баяндады.
Денсаулық сақтау басқармасы биыл бірқатар жетістікке қол жеткізген. Әсіресе медициналық кадрлардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, 54 дәрігер Литва, Ресей және Беларусь елдерінің жетекші клиникаларында білімін жетілдіріп келген.
ҚАЙРАТ ҚАЛИБЕКОВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Ағымдағы жылдың ақпан айында Қалалық клиникалық балалар ауруханасында «Балалар кардиохирургиясы» бөлімшесі ашылып, 16 ота ашық жүрекке жасалды, сондай-ақ 17 ота интервенциялық жолмен жүргізілді. Наурыз айында қалалық перзентханада «Бір күндік клиника» ашылып, 1 240 жүкті әйел тексеруден өтті. Сонымен қатар «Неонаталды хирургия» бөлімшесі іске қосылды. Қыркүйек айында қалалық онкологиялық орталықта республикада алғаш рет күрделі трахеобронхиалдық операция сәтті жүргізілді.
Биыл 1 жүрек, 17 бүйрек трансплантациясы және 1 140 жоғары технологиялық ота жасалған. Инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2 ірі аурухана күрделі жөндеуден өтіп, жедел жәрдем қызметі үшін 40 жаңа санитарлық автокөлік сатып алынды. Сондай-ақ басқарма басшысы 2026 жылы 4 қалалық емхана сенімгерлік басқаруға берілетінін айтты.
ҚАЙРАТ ҚАЛИБЕКОВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
№4 емханаға тоқталсақ, бұл үш қабатты ғимарат 1938 жылы салынған. Бүгінгі күнге дейін жөндеу жұмыстары жүргізіліп, соның арқасында пайдаланылып келеді. №9 емхананың төрт ғимараты бар, олар 1962–1964 жылдар аралығында салынған. Бұл — лайдан тұрғызылған, типтік емес ғимараттар. Күрделі жөндеуден өткізуге де мүмкіндік жоқ. Ал №10 емхана дәрігерлік амбулатория ретінде салынған, қазіргі талаптарға сай келмейді. №11 қалалық емхананың ғимараты да осыған ұқсас.
Сондай-ақ мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылады. Басқарма басшысының айтуынша, биыл 16 білім ошағында арнайы кабинеттер стоматологиялық құрылғылармен жабдықталады.
ҚАЙРАТ ҚАЛИБЕКОВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Биыл 25 мектепте кабинет ашу жоспарланған болатын, жыл соңына дейін оның 16-сы іске қосылады. Бұл жерде тек құрылғы орнату ғана емес, оның штатын бекіту, қаржыландыру және мамандарды даярлау мәселелері де бар. Жалпы алдағы төрт жылда 200-ге жуық осындай орталықты мектептерде қамтамасыз ететін боламыз.
Бүгінгі таңда қала тұрғындары мен қонақтарына 16 626 медицина қызметкері қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде 5 289-ы дәрігер, 11 337-сі орта буын медицина қызметкері.