Сауран ауданында қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы басталды. Жоба өңірдің тұрақты дамуына тың серпін беріп, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.


 Күн электр станциясының іске қосылуы облыстың энергетикалық әлеуетін едәуір арттырып, электр энергиясының баламалы көздерін кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыруға шамамен 160 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген. Нысан толық іске қосылғаннан кейін 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
 Түркістан облысы – ауа температурасы ең жоғары аймақтардың бірі. Сондықтан жаңартылатын энергия жобаларын дамыту, күн қуатын пайдалану өңіріміз үшін аса тиімді әрі болашағы бар бағыт. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін құйылатын инвестиция көлемі шамамен 160 млрд теңгені құрайды.


 Түркістан облысы табиғи-климаттық ерекшеліктеріне байланысты күн энергиясын өндіруге қолайлы аймақтардың бірі болып саналады. Осы артықшылықты тиімді пайдалану өңірдің энергия инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, «жасыл экономикаға» көшу бағытындағы жүйелі жұмыстың жүзеге асуына сеп болады.


ҚАЙРАТ МАҚСҰТОВ, «САМҰРЫҚ-ЭНЕРГО» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ
Жоба өңірдің тұрақты дамуына серпін беріп, экологиялық таза энергия өндіру үлесін ұлғайтуға, сондай-ақ жаңа өндірістер мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қажетті қуат қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.


Күн электр станциясы іске қосылған соң Түркістан облысында жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артады. Сонымен қатар бұл жоба халықаралық әріптестікті кеңейтуге әрі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосады.