Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қалалық медициналық жедел жәрдем қызметіне 30 жаңа санитарлық автокөліктің кілтін табыстады. Медициналық ұйым мен жедел қызметтердің материалдық-техникалық базасын жаңарту – жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Бұл шұғыл медициналық көмектің сапасы мен жеделдігін арттырудағы маңызды қадам.


Жаңа көліктер заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Көліктерде кардиографтар, дефибриллятор-мониторлар, өкпені жасанды желдету аппараттары, электрлі сорғыштар, оттегі баллондары, арнайы зембілдер және қорғаныш қалқандары бар. Сонымен қатар демеушілік қаражат есебінен сатып алынған медициналық құрал-жабдықтарға арналған сертификаттар денсаулық сақтау мекемелеріне тапсырылды. Инкубаторлар, функционалдық және реанимациялық төсектер жаңа туған нәрестелерді күтіп-бағу сапасын арттыруға және ауыр хәлдегі науқастарды тиімді емдеуге мүмкіндік береді. Әрі қарай әкім Еңбекші ауданында Момынов және Тіленшин көшелерінде салынып жатқан екі автокөлік өткелінің құрылыс барысын тексерді. Аталған нысандар іске қосылған соң теміржол арқылы қауіпсіз өту қамтамасыз етіліп, көлік кептелісінің деңгейі төмендейді. Мердігер ұйымға барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар «Абай» және «Тұран» коммуналдық мемлекеттік мекемелеріне барды. Материалдық-техникалық базаның жай-күйін және қысқы кезеңде коммуналдық қызметтердің жұмысын ұйымдастыру деңгейін бағалады. Арнайы техниканы қарап шығып, қар тазалау жұмыстарының үздіксіз жүргізілуін ұйымдастырудың және инертті материалдардың жеткілікті қорын қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Қалада тазалық пен тәртіпті сақтау үшін коммуналдық қызметтердің дайындық деңгейіне және бөлімшелер арасындағы тиімді үйлестіруге ерекше назар аударылдЫ