Созақ ауданы, Шолаққорған елдімекенінде апатты деп танылған үй тұрғындарына жаңа баспана кілті табысталды. Көппәтерлі нысанды «Қазатомпром-Sauran» серіктестігі мен «Катко» бірлескен кәсіпорны тұрғызған. Ғимарат заманауи талапқа сай салынып, инженерлік желілермен толық қамтылған. Жаңа үйге кіріп, еңсесі көтерілген тұрғындар жайлы келесі бенематериалда.


НҰРЛАН ПАЙЗОВ, ТІЛШІ
 – Түркістан облысында азаматтарды баспанамен қамту үрдісі жалғасып жатыр. Бүгін Созақ ауданының орталығы Шолаққорған елдімекенінде апатты деп танылған үй қожайындарына жаңа баспананың кілті табысталмақ. Менің артта тұрған 2 қабатты ғимаратта 16 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады.


Гүлназ Байбабаева 14 жыл отбасымен ескі үйде тұрған. Соңғы 4 жылда баспанасы апатты деп танылып, үй кезегіне тіркелген. Енді жаңа үйден 2 бөлмелі пәтердің кілтін алып, қуанышымен бөлісті.


ГҮЛНАЗ БАЙБАБАЕВА, ШОЛАҚҚОРҒАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
 – Мен апатты үй жағдайында кезекте тұрған анамын. Бізге «Қазатомпром» көмегімен баспана берілді. Баспанамызға үлкен рахмет айтамыз. Аудан басшыларына, әкімдерге барлығына алғысым шексіз. Осындай сапалы, керемет үй бергеніне тек рахмет айтамыз!


Тұрғын үй құрылысы «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның еншілес мекемелері тарапынан қаржыландырылып, халық игілігіне тапсырылды.


 МЕЙІРЖАН ЮСУПОВ, «ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП» ҰАК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ
 – Президентіміз айтқандай, ұлттық атом компаниясы әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетіп отыр. Біз сол үшін осындай жұмысты ары қарай жалғастыру ниеттеміз. Тағы да қоныстарыңыз құтты болсын!


Жаңа пәтерлер заманауи талапқа сай салынған, барлық инженерлік желілер тартылып, жайлы өмір сүруге қажетті жағдай жасалған.


БАУЫРЖАН ТОҚСАНБАЕВ, «ҚАЗАТОМПРОМ-SAURAN» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ
 – Тәуелсіздікке орай, апаттық жағдайдағы үйлерді жаңарту шеңберінде бүгін 2 қабатты 16 пәтерлі үй тұрғындарға табысталды. Үйлер құтты болсын! Іші толған бақыт болсын! Біз іс-шараларды ары қарай жалғастырамыз.


Айта кетейік, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» тұрғын үй құрылысынан өзге, аудандағы бірнеше елдімекенге балалар ойын алаңшасы мен футбол алаңдарын салып берген. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетіп келеді.