Түркістан облысында жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасын тауып келеді. Республикалық маңызы бар «Самара - Шымкент» автомобиль жолындағы Сауран қалашығына апаратын бұрылыс алаңы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.


 Жол айрығының құрылысын «Қыран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталып, белгіленген мерзімде толық аяқталған. Жолдың жалпы ұзындығы – 1955 метрді құрайды. Құрылыс барысында ескі жол жамылғысы фрезерленіп, су өткізгіш құбырлар орнатылды. Сондай-ақ, жол белгілері қойылып, таңбалау мен жарықтандыру жұмыстары толық жүзеге асырылды.


 ЕРМЕК РАХИЕВ, ҚАЗАВТОЖОЛ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 Аталған жобаны жүзеге асыру барысында көптеген мамандар еңбек етті. Мердігер компания құрылысшылары, жергілікті атқарушы органдар, қадағалау қызметтерінің ортақ еңбегі арқылы талапқа сай әрі сапалы жол пайдалануға берілгелі отыр.


Шымкент - Қызылорда бағытындағы бұл жолдың көлік қозғалысы өте қарқынды. Тәулігіне мұнда 20 мыңнан астам көлік қатынайды. Сауран қалашығына келушілер саны да жыл сайын артып келеді. Өткен жылы бұл тарихи орынға 2683 турист келсе, 2025 жылы келушілер саны 9925 адамға жеткен.


 БАХТИЯР СЫЗДЫҚОВ, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ ӨКІЛІ
 Айналма жолдың ұзындығы 2 км 100 метр. Бөлінген қаражат – 1 млрд 779 млн теңге. 40-қа жуық техника жұмылдырылды. Туризм саласының дамуына септігін тигізеді деген ойдамыз.


Жаңа бұрылыс жолының іске қосылуы туристік ағымды одан әрі арттырып, өңір экономикасының дамуына оң серпін бермек. Өңірде жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.