Сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті жиырмасыншы сессиясы өтті. Күн тәртібінде 18 мәселе қаралып, бірқатар басқарма басшыларының есептері тыңдалды.
Мәслихат сессиясында маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Алдағы жылдарға арналған облыстық бюджет пен Даму жоспары бекітілді. Депутаттар мемлекеттік орган басшыларының есептерін тыңдап, жұмысты одан әрі жандандыру бойынша шешім жобаларына өз ұсыныстарын енгізді. Сонымен қатар кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізілді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Жұмыс орындары, зауыттар мен кәсіпорындар ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға төмендеді. Бұл жетістіктерге өздеріңізбен бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесінде қол жеткіздік деп санаймын. Өңірдің дамуы үшін әкімдік пен мәслихат ынтымақпен жұмыс істеуі тиіс. Бірлік болса, тірлік берекелі болады. Сондықтан халықтың әл-ауқатын жақсарту жолындағы жаңа бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырамын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыруды және бюджет қаражатын үнемдеп, елге қажет нақты жобаларға жұмсау керектігін атап өткен болатын. Осыған орай 2026 жылға арналған облыстық бюджет көлемі 1,3 трлн теңгені құрап отыр. Бюджет шығыстарын нақтылау барысында бірінші кезекте міндетті әлеуметтік төлемдер қарастырылмақ.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Құрылысы басталған нысандардың мерзімінің созылып кетпеуіне және бағасының қымбаттауына жол бермеу үшін осы жобаларды аяқтауға басымдық бердік. Мемлекет басшысы биыл экономиканың өсімін 7%-ға жеткізуді тапсырған болатын. Атқарылған кешенді жұмыстардың нәтижесінде өңірдің экономикалық өсімі 114,8%-ды құрап, республикада жоғары көрсеткішке қол жеткіздік. Экономикаға 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123%-ды құрады.
Алқалы жиында еңбегімен ерекшеленген депутаттар мен бір топ еңбек ардагеріне ҚР Парламенті Сенаты төрағасының алғыс хаттары табысталды.