Биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 34 жыл! Осы аралықта егемен ел еңсе тіктеп, қайта түледі. Рухани жаңғырып, ұлттық құндылықтарға құшақ жайды. Өз саясатын өзі белгілеп, дербес шешімдер қабылдады. Мемлекеттік рәміздерін айқындап, болашақ жоспарларын бекітті.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
«1991 жыл, 16 желтоқсан. Кеңес Одағының шаңырағы шайқалып, уығы босағанда, әлем картасына Қазақстан атты дербес, егемен республика қосылды. Енді бұл ел орталықтан әмір күтіп, өзге үкімге жалтақтамайды. Өз жолын өзі таңдап, өз сүрлеуін өзі қалыптастырады.»

СӘКЕН МӘЖІНБЕКОВ, САЯСАТТАНУШЫ
 – «Қазіргі таңда 7 152 ұлт пен этнос бар. Солардың тек 193-і ғана өзінің елтаңбасы мен туын көтеріп, тәуелсіз елмін деп БҰҰ-ның толыққанды мүшесі болып отыр.» «Француз ойшылы Шарль Луи де Монтескьё: “Адам баласы үшін Құдай берген ең үлкен бақыт – жеке басының бостандығы”, – дейді. Мұны мемлекет деңгейіне көтеретін болсақ, бұл – тәуелсіздік. Тәуелсіздіктен асқақ, биік ешқандай мереке болуы мүмкін емес.»

Кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев мемлекеттік қызметтің түрлі сатысында жұмыс істеген. Еңбек жолын кеңес кезеңінде бастаған азамат ол дәуірде қазіргідей мүмкіндіктер болмағанын айтады. Орыстандыру саясаты белсенді жүргізіліп, қазақ мектептерінің үлесі азайған. Ұлттық мүдде ақсап, құндылықтар құрдымға кете жаздапты.


БАУЫРЖАН ӘЛТЕЕВ, ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ТӨРАҒАСЫ
 – «Біз жас болдық. Біз осындай болу керек деген қағидамен өмір сүрдік. Бірақ кейбір кезде ішкі дүниеміз келіспейтін. Орыс тілінде жаздық, орысша сөйледік. Жоғарыдан түскен тапсырманы орындау керек болды. Михаил Горбачёвтың кезінде ғасырлар бойы өсіріп келе жатқан алма ағаштарын түбімен шауып тастадық. Жүзімдерді кесіп, оны құртты.»  «Бір кездері мешіт соққандарды, мола салғандарды суретке түсіріп алып, жазаға тартып жатты. Біз мұнымен келіспейтінбіз, бірақ амал жоқ соған көніп өмір сүрдік.»

 Тәуелсіздік өшкенді тірілтіп, өткенді жаңғыртты. Қазақстан өз бетінше билік жүргізіп, даму жолына аяқ басты. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, әл-ауқаты артты. Ұлттық сана түлеп, рухани құндылықтар ұшпаққа шықты. Ең бастысы – өз территориясы мен мемлекеттік рәміздерін айқындап, билік жүйесін бекітті.


 БАУЫРЖАН ӘЛТЕЕВ, ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ТӨРАҒАСЫ
 – «Егемендік – сөреде тұрған зат емес, не өсіп тұрған жеміс те емес, жұлып ала салатын. Ол – жылдар бойғы күрес, елдің арманы еді.»  «Осы жылдардың ішінде ЖІӨ 288 млрд-қа жетті, бұл – үлкен жетістік. Инвестиция тарту жағы да 330 млрд-қа дейін жетті, бұл да ауыз толтырып айтар көрсеткіш.»  «Көріп отырғандарыңыздай, 1991 жылы 16 млн-ға жетер-жетпес халық едік, қазір 20 млн-нан астық. Бұл оңтайлы жағдай жасалып жатқанының нәтижесін көрсетеді.»


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Тәуелсіздік жылдары Шымкент те көз ілеспес жылдамдықпен дамыды. Сәулеті асқан ғимараттар, зәулім нысандар бой көтеріп, инфрақұрылым ілгеріледі. Мәселен, жыл басынан бері мегаполисте экономикалық өсім 14,8 пайызды құраған. Сауда, байланыс, өнеркәсіп салалары қарқынды дамып, жұмыс орындары көбейген. Бүгінде өңдеу өнеркәсібі 16,5 пайызға өскен. Соңғы жылдары құны 150 млрд теңге болатын 40 жоба іске қосылып, 2,5 мың адам жұмыспен қамтылған.


ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Президентіміздің тапсырмасына сәйкес өңірге инвестиция тарту стратегиялық мақсатымыз болып табылады. Инвесторларға тұрақты түрде қолдау көрсетіп, жағдай жасап келеміз. Соңғы 3 жылда қала экономикасына 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды, оның 75 пайызы – жеке инвесторлар есебінен. Орташа жылдық өсім 11 пайызды құрады.


 Бүгінде қалада жалпы құны 4,6 трлн теңге болатын 221 инвестициялық жоба жасақталған. Оның аясында 29 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікпен өндірілген өнім үлесі 41 пайыздан 58 пайызға артқан. Тәуелсіздік – тәңірдің сыйы. Мұны тиісінше бағалап, құндылығын аңғару қажет. Ортақ мүдде жолында бас біріктіріп, кемел келешек үшін еңбектену маңызды, – дейді зиялы қауым өкілдері.