Биыл Шымкентте заңсыз деп танылған 4 нысан сот шешімімен сүрілді. Жауаптылардың айтуынша, құрылыс иелері көзсіз тәуекелге барып, құжаттарды дұрыс рәсімдемеген. Тиісті талаптар сақталмаған. Бұл туралы бүгін қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы баспасөз брифингінде мәлімдеді.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Басқарма тарапынан 24 құрылыс нысаны бойынша сотқа талап-арыз жолданған. Сот 11 арызды мақұлдап, біреуін кері қайтарған. 12 шағым сот өндірісінде қаралуда. Ал сот шешімімен 4 заңсыз салынған нысан бұзылған. Ғимарат иелері шаш етектен шығынға батып отыр. Заңсыз салынғандықтан мемлекет өтемақы төлемейді. Кәсіпкерлер құрылыс бастамас бұрын нені ескеру керек?
АЛДИЯР МУСАБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ОРТА САПАСЫ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Бірінші, жердің құжаттарын рәсімдеу керек. Нысаналы мақсаты сәйкес келуі тиіс.» «Құрылыс бастамас бұрын 4 құжат сәйкес келуі керек. АПЗ. Одан кейін экспертизадан өту қажет. Сосын құрылысты бастау туралы хабарлама керек. Осылар орындалса, ешқандай кедергі болмайды.»
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Үлестік қатысу талаптарын бұзған 15 құрылыс компаниясы хаттама арқалап, 9 млн теңге айыппұл төлеген. Сондай-ақ басқарма биыл қаладағы 185 құрылыс объектісіне тексеріс жүргізіп, бірқатар кемшілікті анықтаған.
АЛДИЯР МУСАБАЕВ
– «185 объектінің ішінде 102-сінің құжаттары бар екені анықталды. Одан бөлек, 61-іне тексеріс жүргізіліп, 41-іне айыппұл салынды.»
Брифинг соңында Алдияр Мусабаев журналистер жолдаған сауалдарға жеке-дара тоқталып, толыққанды жауап берді.