Көксай ықшам ауданындағы 20 отбасыға жаңа баспана берілді. Ұзақ жылдар бойы тозығы жеткен үйлерде тұрып келген тұрғындар реновация бағдарламасы аясында заманауи әрі жайлы пәтерлерге қоныс тепті. Тәуелсіздік күні қарсаңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілтін табыстады.
Баспаналы болған бақытты жандардың бірі – Замира Кенжекова. Жасы ұлғайған көпбалалы ана бірнеше жыл бойы тозығы жеткен, апатты үйде тұрып келген. Бүгін ол жаңа әрі жайлы пәтердің иесі атанды.
ЗАМИРА КЕНЖЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Кірген кезде бөлмеміздің астыңғы этажына қарай селкілдеп тұрады. Балалар үшін қорқатынбыз. Жаңа үй беріп жатқанына өте қуаныштымыз.
Биыл реновация бағдарламасы аясында Көксай ықшам ауданында 103 отбасы жаңа баспанаға қоныстанды. Тұрғын үйлер қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, дайын күйінде пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бұл жұмыс тоқтамайды. Көріп жатырсыздар ғой. Шетінен үлестіріп жатырмыз. Инвесторлар табылғаннан кейін сіздерге де уақыты келеді.Бұйырған уақытта беріледі.
Көксайдағы бұл игі бастама алдағы уақытта да жалғасын табады. Қалған апатты үйлердің тұрғындары кезең-кезеңімен жаңа баспаналарға көшіріледі.
ДАНИЯР АХМЕТЖАНОВ, «SHYMKENT» ӘКК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ
Біз Көксайдағы 2 этаж үйлерді 50% көшіріп болдық. Әлі беретін 12 үйіміз бар. Сүрілген үйлердің орнына арнайы ғимараттар мен сауда орындары салынады.
Сүрілген үйлерді жаңғырту тұжырымдамасы аясында апатты үйлердің орнына әлеуметтік нысандар мен аудан орталығы салу жоспарланып отыр. Бұл бастама шаһар инфрақұрылымын жаңартып, тұрғындарды қауіпсіз әрі жайлы ортамен қамтамасыз етуге бағытталған.