Көрме орталығында «Қолөнер – ұлттың рухани қазынасы» атты іс-шара өтті. Ұлттық дәстүр дәріптеліп, рухани мұра ұлықталған шарада қолөнер шеберлері марапатталды.
Бибіхадиша Жетібаева – құрамында 200-ден аса шебері бар «Асыл мұра» ұйымының төрайымы. Көрмеге ол ұлттық нақыштағы құрақ көрпе, қыз жасауы сынды тігін өнімдерін алып келген. Көп жылдық тәжірибесі бар маман білгенін көппен бөлісіп, қызығушылық танытқандарға шеберлік сабақтарын өткізіп отырады.
БИБІХАДИША ЖЕТІБАЕВА, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ
– «Ғабит Сыздықбековке алғыс айтқым келеді. Бізге хаб-орталығын ашып берді. Сол жерде кейінгі буынды тәрбиелеп отырмыз. Студенттерге, оқушыларға білгенімізді үйретіп келеміз.»
Айта кетейік, мәдениет басқармасының ұйытқы болуымен мұндай көрмелер жиі ұйымдастырылады. Басты мақсат – шеберлерге қолайлы жағдай жасап, ұлттық өнерге қолдау көрсету.
МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Біздің салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз қай жерде болмасын дәріптеліп жүруі керек. Сол үшін де біз осындай іс-шараларды жиі ұйымдастырамыз.» «Қазір 60-қа жуық шеберге марапат табысталды.»
Іс-шара барысында келушілерге концерттік бағдарлама ұсынылды. Мәдениет қызметкерлері өнер көрсетіп, патриоттық әндерді шырқады. Қала тұрғындары көрме ішін аралап, қолдан жасалған бұйымдармен танысты.