Ауа райы шырайлы Шымкент ашық мұз айдындарына да қолайлы. Қала әкімінің бастамасымен балғындар жұмсақ ауада коньки тебуге мүмкіндік алды. Игі жобаны бұл жолы қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мен ардагерлер арнайы барып тамашалады.
Демеушілер есебінен қаламызда алғаш рет мұз айдындары ел игілігіне қызмет етуде. Бұл жоба тұрғындардың қысқы демалысын тиімді өткізу мақсатында жүзеге асқан. Арнайы топ Астана алаңындағы нысанды тамашалады. Ашық аспан астындағы айдынды көрген қариялар өз ойларымен бөлісті.
БЕКЕТ ТҰРҒАРАЕВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
«Президентіміз айтқан “Адал еңбек – адал табыс” деген қағидаға сай, халыққа үлгі болатындай жұмыстар жасалып жатыр. Біз соған ризамыз. Бір ғана мұз айдыны емес, қаланың қай шетіне барсаңыз да халық демалатын орындар бар. Балалармен жүргенде еркін демалуға жағдай жасалған.»
Мұндай мұз алаңдары мегаполистің үш аумағында бар. Жалпы аумағы 6 мың шаршы метрді құрайтын ашық мұз айдындары пайдалануға берілді. Мұз сарайы маңында – 550, Арбат алаңында – 1 830, Астана алаңында – 3 600 шаршы метр айдын бар.
БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
«Осындай нысандарды аралау бізде тоқсан сайын өткізіліп тұрады. Бұл – жұмыс барысындағы кездесулер. Бұл жолы қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесінің пікірін де алдық. Теледидардан, газеттен көрген бір бөлек, өз көзіңмен көрген мүлде бөлек.»
Мұз айдынында сырғанау өз конькиімен келген тұрғындар үшін тегін. Дайындықсыз барған азаматтарға арнайы жабдықтар беретін бекет бар. Коньки мен өзге де құрал-жабдықтарды жалға алу аса қымбат емес. Сырғанауды үйренгісі келетіндерге тәжірибелі инструкторлар кеңес береді.