Жаңа жылдық іс-шараларға 99 млн теңге бөлінген. Қаражат бас шыршаны безендіруге ғана жұмсалмайды. Бұл шаһардағы бес аудан аумағын мерекелік атмосферамен әрлеуге, шырша орнатуға және концерт ұйымдастыруға бағытталады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары, ресми өкіл Сәрсен Құранбек баспасөз отырысында мәлімдеді.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ЖУРНАЛИСТ
21 желтоқсан күні сағат 19:00-де Астана алаңында бас шыршаның шамдары жағылады. Мерекелік концерт өтіп, жаңа жылдық көңіл-күй орнайды. Аталған шараға 9 млн теңге бөлінген. Қаражат конкурстық тәртіппен анықталған мердігерге беріледі. Ал 31 желтоқсанда эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді. Мерекелік бағдарламаға 32 млн теңге қарастырылған. Бір алаңға 1 млн-нан астам тұрғын сыймайтындықтан, қаладағы өзге де алаңдарда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Бес ауданның бес нүктесіне шырша қойылып, концерттер өтеді.


 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
– «Біздің қаламыздың тұрғындары жоғары деңгейде ұйымдастырылатын мерекеге лайық деп білеміз.» «Мұның барлығы конкурс арқылы өткізіледі. Кім төмен баға ұсынады, сол жеңімпаз атанады. Бағаны әкімдік немесе басқарма емес, конкурсты ұтып алған мердігер белгілейді.»

ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ЖУРНАЛИСТ
25 желтоқсан күні сағат 11:00-де көрме орталығында Президент шыршасы өтеді. Оған 9 бен 13 жас аралығындағы 300 бала қатысады. Іс-шараға іріктеу талаптары жөнінде ресми өкіл түсіндірді.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
– «9–13 жас аралығындағы оқу үлгерімі жоғары, республикалық, қалалық және халықаралық байқаулардың жүлдегерлері, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар қатысады.»

ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ЖУРНАЛИСТ
Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы қымбаттап, тұрғындар қалтасына салмақ түсіреді. Кейбір саудагерлер өнім құнын негізсіз көтеріп жатады. Осыған байланысты нарықтағы бағаның өсуіне жол бермеу үшін арнайы келіссөздер жүргізілген.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
– «Ірі сауда орындарымен келісімшарттар жасалды. 100-ден астам кәсіпкермен меморандумға қол қойдық.»

ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ЖУРНАЛИСТ
Баспасөз отырысы сұрақ-жауап форматында өтіп, ресми өкіл БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.