Жетісай қаласында еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирдің шымылдығы түрілді. «Бекзат Саттарханов» атындағы спорт кешенінде өткен спорттық іс-шара 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орайластырылған.


 Халықаралық турнирге 2011–2013 және 2014–2015 жылдары туған жасөспірімдер қатысты. Олар 17 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады. Ауыл спортын дамытуға бағытталған додаға көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінен 32 команда қатысып, 500-ге жуық балуан бақ сынады.


 БОЛАТ ШЫҢҒЫСХАН, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ
Қазір екінші белдесуді аяқтадым, ¼ финалға шықтым. Чемпион боламын деп мақсат қойдым. Жеті жылдан бері көптеген республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпазымын. Түркістан облысының чемпионымын. Болашақта еркін күрестен Олимпиада чемпионы болғым келеді. Сол арманға жету үшін тынымсыз жаттығып жүрмін.


 Жетісай төріндегі байрақты бәсекеге арнайы қонақ ретінде еркін күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов, сондай-ақ грек-рим күресінен Олимпиада және әлем чемпионаттарының жүлдегері, Өзбекстандық Ихтиер Наврузов қатысты.


ИСЛАМ БАЙРАМУКОВ, ЕРКІН КҮРЕСТЕН ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН СПОРТ ШЕБЕРІ, СИДНЕЙ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ
Жетісай өңірінде жарысты ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Балалардың көзінде от бар, техникалық дайындықтары да жақсы. Осындай жарыстарды жиі өткізу керек. Балалардың әлеуметтік желіге тәуелді болмауы үшін спортпен көбірек айналысып, уақытын тиімді пайдалануы маңызды.


Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған жасөспірім балуандар мен олардың жаттықтырушылары арнайы медальдармен, аудан әкімінің дипломымен және чемпиондық белбеумен марапатталды. Сондай-ақ қаржылай сыйлықтар табысталды.