Түркістан қаласында Әйелдер қанатының «Бөрте» әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі ашылды. Әйелдер мен қыз-келіншектердің бастамашылдығын қолдауға арналған бұл қоғамдық-саяси алаң қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыруға, олардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға бағытталған тағылымды бастама болып отыр.
Жоба аясында әйелдер үшін кәсіби саладағы кедергілер, гендерлік алшақтықтың жаһандық индексі таныстырылады. Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы әйелдер өкілдігінің көрсеткіштері, AMANAT партиясы Әйелдер қанатының миссиясы мен мақсаттары кеңінен түсіндіріледі. Он басымдық аясындағы негізгі бастамалар ұсынылып, әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытудағы «Томирис» жобасының міндеттері мен «Әйел аманаты» жобасының бастамалары таныстырылды. Алғашқы дәрістер барысында қатысушылар саяси көшбасшылықтың негіздері, қоғамдық коммуникация, стратегиялық ойлау, шешім қабылдау мәдениеті, партиялық және ақпараттық жұмыс, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың заманауи талаптары жөнінде жан-жақты білім алды. Теория мен тәжірибені ұштастырған бұл оқу форматы әйелдердің өзіне деген сенімін арттырып, қоғамдық белсенділігін күшейтуге серпін берді деуге болады. Тарихтағы Бөртенің парасаты мен елдік ұстанымы бүгінгі қазақ әйелдерінің бойынан жаңаша сипатта көрініс табады деп сенім білдіреміз. Алдағы кезеңде мектеп жұмысы жалғасын тауып, өңірдегі әйел көшбасшыларды даярлаудың тиімді алаңына айналады деп күтілуде. Партия әйелдердің бастамасын әрдайым қолдайды. Себебі күшті қоғам саналы әйел, жауапты ана әрі білікті көшбасшы арқылы қалыптасады.