Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Кеңес барысында Тәуелсіздік күні қарсаңында қоғамдық тәртіп пен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары туралы баяндамалар тыңдалды.
Қазір елімізде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған ведомствоаралық жоспардың бекітілгені хабарланды. Жоспар аясында «Газ баллоны», «Қауіпсіз Жаңа жыл» және «Пиротехника» сияқты алдын алу акциялары қамтылған. Желтоқсан айында газ баллоны орнатылған автокөліктерді тексеру бойынша рейдтер жүргізілуде. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, мектептерге, медициналық және әлеуметтік мекемелерге ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, пиротехника бұйымдарын сату және пайдалану талаптарының сақталуын бақылау мақсатында сауда және ойын-сауық нысандарында қосымша тексерулер жоспарланған. Жаңа жылдық іс-шаралар өтетін алаңдарда өрт сөндіру техникасы мен ТЖД қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылады.
2025 жылы Шымкент қаласында 75 қызмет түрі бойынша 55 табиғи монополия субъектісі жұмыс істейді. Бес базалық кәсіпорын бес жылдық тарифтер негізінде қызмет көрсетуде. Сонымен бірге, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру және газбен жабдықтау салаларында жалпы сомасы 6,8 млрд теңгеден асатын инвестициялық бағдарламалар бекітілді. Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі адам көп жиналатын нысандарда өрт қауіпсіздігін бақылауды күшейтуді, сондай-ақ қалалық газ-техникалық инспекцияның газ тұтыну жүйелері мен газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылау жұмысын жандандыруды тапсырды. Мегаполис басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторингті жалғастырудың маңыздылығына да назар аударды.