Отырар ауданы, Ш. Қалдаяқов ауылында заманауи жабық спорт кешені пайдалануға берілді. Бұл спорт нысаны ауыл балалары мен жастарына ғана емес, барлық тұрғындарға арналған маңызды нысан. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ғимарат заманауи талаптарға толық сай.


 Қолжетімді спорт нысандары – ұлт саулығының кепілі. Мұндай кешендер ауыл жастарының спортпен жүйелі түрде айналысуына, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Бұл – өңірдің дамуына жасалған нақты қадам. Алдағы уақытта да осындай әлеуметтік маңызы бар жобалар жалғасын таба бермек.


Ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамыту – AMANAT партиясының басым бағыттарының бірі. Қазіргі таңда ауданда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту арқылы ұлт денсаулығын нығайту жөніндегі тапсырмалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.


Жиынға арнайы қатысқан меценат Әбдімәжит Сыздықбеков ауыл спортының дамуына қолдау көрсету болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашатынын атап өтті. Сондай-ақ ел игілігі жолындағы бастамалардың сәтті жүзеге асуына тілектестігін білдірді. Ауыл ақсақалы Әбсаттар Сатыбалдиев жаңа нысанның ашылуына атсалысқан ел азаматтарына алғысын айтып, ақ батасын берді.


Жаңа спорт кешенінің жалпы аумағы 1500-ге жуық шаршы метрді құрайды. Ғимаратта әмбебап спорт залы, мамандандырылған жекпе-жек залдары, спорттық секциялар, балаларға арналған оқу-жаттығу бөлмелері, сондай-ақ футбол, бокс және күрес алаңдары бар.