Шымкент қаласы мәслихатының кезекті XXXI сессиясы өтті. Отырыста қаланың биылғы жылыға арналған бюджеті нақтыланып, Шымкенттің 2026–2028 жылдарға арналған бюджеті бекітілді.


2026 жылғы мегаполис бюджеті 818,3 млрд теңгені құрады, оның ішінде өзіндік кірістер – 622 млрд теңге. Бұл көрсеткіш биылғы жылмен салыстырғанда 123 млрд теңгеге немесе 25%-ға жоғары. Бюджетті қалыптастыру кезінде ең алдымен жалақы, міндетті төлемдер және әлеуметтік сала шығыны қамтамасыз етілді. Әлеуметтік салаға 438 млрд теңге немесе бюджет көлемінің 54%-ы бағытталады. Сонымен қатар, қала дамуын қамтамасыз ететін өзекті міндеттерге басымдық берілді.


 ЕРЛАН ЕСҚАРАЕВ, ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІ ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 – Жылдың соңына дейін игерілмеген қаржылар қайта жолдануда. Жеке меншік мектептерді қаржыландыруға қосымша 2,8 млрд теңге, мемлекеттік мектептердің жалақы қорына қосымша 1,7 млрд теңге, әлеуметтік қолдау шараларына қосымша 630 млн теңге қарастыру ұсынылып отыр.


 Депутаттар 2021–2025 жылдарға арналған қаланың даму жоспарының жүзеге асырылуы туралы есепті тыңдап, жаңа стратегиялық құжат – Шымкенттің 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарын бекітті. Алдағы бес жылда 6,6 трлн теңге инвестиция тарту, 5,7 млн шаршы метр үй салу және өнеркәсіп өндірісінің көлемін 1,4 есеге арттыру жоспарлануда.


ДӘУРЕН МҰҚАНОВ, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– Заңнама бойынша базалық ай сайынғы мөлшерлемемен жарна мөлшері орналасқан жеріне қарай 50%-дан аспайтын етіп төмендетуге немесе 100%-дан аспай көтеруге құқығы бар екені көрсетілген.


Сонымен қатар, тегін дәрілік препараттар тізіміне үш нозология медикаменттері енгізілді. Баспана көмегін көрсету және тұрғын үй сертификаттарын беру қағидалары қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестендірілді. Қаланың тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы бекітілді.


НҰРБОЛ ТОРИБАЕВ, ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 – Заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, реновациялауға жататын тозығы жеткен тұрғын үй тұрғындарын жаңа баспанамен қамтуға арналған жобаны мақұлдауларыңызды сұраймын.


 Бұдан бөлек, депутаттар мәслихаттың тұрақты комиссиялары төрағаларының есептерін тыңдап, мәслихат аппараты мен Ревизиялық комиссия туралы ережелерді бекітті.


БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ТӨРАҒАСЫ
– Шымкент қалалық мәслихатының ғимаратын құру туралы 2011 жылғы 25 сәуірдегі шешіміне өзгеріс енгізу туралы шешім қабылданды.


Сессия соңында қала әкімі қабылданған шешімдердің маңыздылығын атап өтіп, мегаполистің тұрақты дамуына бағытталған бастамаларды қолдағаны үшін депутаттарға алғыс айтты. Қаланың инфрақұрылымын жақсарту және халықтың өмір сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасатын болады.