2025 жылы Қазақстанда ана денсаулығын сақтау жүйесі күшейтіліп, әйелдерге арналған профилактикалық және мамандандырылған медициналық қызметтердің қолжетімділігі кеңейтілді. «Аналар саулығы» бағдарламасы жүктілікке дейінгі кезеңде әйелдерді тексеріп-қарау мен сауықтыруға қолжетімділікті арттырды.


Қазіргі таңда зерттеудің 12 түрі қолжетімді. Прегравидалдық даярлықпен қамту 23 пайызға өсіп, 46,1 пайызды құрады. Ерте мерзімде есепке тұрған жүкті әйелдердің саны 10 пайызға артты. «Салауатты ана» бағдарламасы шалғай және жетуі қиын ауылдық елді мекендерден келген, босану қаупі жоғары жүкті әйелдерді алдын ала емдеуге жатқызу үшін арнайы пансионаттар жүйесін дамытты. Бүгінде 15 облыста осындай пансионаттар ашылып, онда 3 мың жүкті әйел медициналық көмек алды. «Аңсаған сәби» экстракорпоралдық ұрықтандыру бағдарламасы ең сұранысқа ие жобалардың бірі болып қала береді. Жыл сайын экстракорпоралдық ұрықтандыруға 7 мың квота бөлінеді. Соңғы төрт жылда 30 мыңнан астам әйел емшарадан өтіп, нәтижесінде көптен күткен 10 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 22 облыстық перинаталдық орталықта жүкті әйелдерді мамандандырылған тексеріп-қарау мен емдеуге жедел жіберу мүмкіндігі бар ұрықты қорғау орталықтары құрылды.