Түркістанда бір рет қолданылатын биоыдырайтын ыдыстар мен қаптама өндіретін заманауи зауыттың іргетасы қаланды. Жобаны PULPSTYLE ЖШС іске асырмақ. Нысан шаһардағы Turan арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Жоба арқылы 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бүгінде құрал-жабдықтар толық жеткізіліп, кедендік рәсімдеуден өткізілді.
Аталған кәсіпорынды ашу бойынша 2025 жылдың қыркүйек айында инвестормен келіссөздер жүргізілген болатын. Бір рет қолдануға арналған биоыдырайтын ыдыстар мен қаптама жасау жобасының құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Нысан инфрақұрылым желілерімен толық қамтылған.
СҮЛЕЙМЕН ИСМАИЛОВ, ИНВЕСТОР
Экологиялық таза биопродукт шығарамыз. Мақсатымыз – экспорт. Жалпы шикізатты ел аумағынан аламыз деп жоспарлап отырмыз.
НҰРЛАН СӘУЛЕБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Өзімізде жұмыс табылып тұрса, оқып келген мамандарға да жұмыс табылып тұрса, дұрыс қой. Осылай дами берсе, кейін осылай салған зауыт құрылысын үйретіп жетеді.
Өндіріс орнын 2026 жылдың наурыз айында іске қосу жоспарлануда. Түркістан облысында қолайлы инвестициялық жағдай қалыптасқан. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалды және Turan арнайы экономикалық аймағы құрылған. Индустриалды аймақтарда құны 152 млрд теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 6 361 жұмыс орны ашылады.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Облысымыз үшін әрбір инвестициялық жобаның стратегиялық маңызы зор. Өйткені жаңа зауыт дегеніміз – жаңа жұмыс орындары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап, нақты міндеттер жүктеді. Осы ретте, біз экономиканы әртараптандыру жұмысын қарқынды түрде бастап кеттік.
Бүгінгі таңда 39 млрд теңге инвестиция тартылды. 50 жоба іске қосылып, 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал Turan арнайы экономикалық аймағында 211,8 млрд теңгеге 28 ірі жоба жүзеге асырылуда. Одан бөлек, жергілікті кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар үшін шағын өндірістік парктер іске қосылды. Бұл аймақтарда кәсіп ашуға барлық қолайлы жағдай қарастырылған және мемлекеттік қолдау көрсетілуде.