Шымкентте жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбектің айтуынша, биыл 13 мыңнан астам жас екі қолға бір күрек ұстаған. Оның ішінде 6 360 жас тұрақты еңбек орындарына орналасса, 3 533 азамат уақытша жұмыспен қамтылды.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
«Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалары жастардың жұмыспен қамтылуына оң әсер етті. Сондай-ақ 1 200-ден астам жас «Бастау Бизнес» жобасына тіркеліп, комиссия шешіміне сәйкес 175-і мемлекеттік грант иегері атанды. Жұмыс берушілердің сұранысына сай 244 азамат оқу ұйымдарында білім алса, 70 жас тікелей жұмыс берушінің кәсіпорнында оқытылды.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
Бұдан бөлек, 1 422 жас enbek.kz платформасында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытудан өтті. Мүгедектігі бар 1 жас азамат арнайы жұмыс орнына орналастырылды. Сондай-ақ 43 жасқа кәсіптік біліктілікті тануға арналған біржолғы ваучер берілді. Аталған іс-шаралардың нәтижесінде 2025 жылдың 3-тоқсанында қалада 15–34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9 пайызды құрады.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны да азайған. 2023 жылы мұндай көмекке 12 мыңнан астам отбасы мұқтаж болса, бүгінде бұл көрсеткіш 1 800-ге дейін төмендеген. Сәрсен Абайұлының айтуынша, бұл - жұмыспен қамту шараларының оң нәтижесі. Сондай-ақ қала билігі зейнеткерлерге де қолдау көрсетіп келеді. Биыл 7 мыңнан астам зейнеткерге шипажайларға тегін жолдама берілген.


 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
Осы бағытта 5 500 зейнеткерге шипажайға жолдама қарастырылып, оның 4 982-сі еңбек ардагерлеріне берілді. Жалпы қала бойынша 7 282 зейнеткер шипажайда емделді.


 ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Биыл Шымкентте 18 республикалық мәдени іс-шара өтті. Сонымен қатар 3 халықаралық жоба ұйымдастырылды. Ресми өкілдің айтуынша, мұндай бастамалар халықтың рухани әлеуетін арттырып, мәдени талғамын қалыптастыруға ықпал етеді.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Баспасөз отырысы сұрақ-жауап форматында өтіп, ресми өкіл журналистердің сауалдарына жан-жақты жауап берді.