Түркістан облысында тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бүгін Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Ауыл халқының игілігіне берілген нысан 14 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді.


Жаңа амбулаторияның құрылысы өткен жылдың қараша айында басталған. Жалпы құны 201 миллион теңгені құрайтын жобаны «Лидер Строй» компаниясы жүзеге асырды. Заманауи талаптарға сай салынған мекеме қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда 52 медицина қызметкері еңбек етеді. Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан аймақ басшысы денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Түркістан облысы еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан өңірлерінің біріне айналуда. Облыста 2025 жылы жергіліті бюджет есебінен 34 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанының құрылысы жүргізілді. Бүгін солардың бірі — Қараспан дәрігерлік амбулаториясының ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Жаңа амбулатория ел игілігіне қызмет етіп, ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетеді.


 Бір мезетте 100 адамды қабылдайтын медициналық нысанда барлық ем-дом шаралары жүргізіледі. Қуанышқа кенелген аудан жұртшылығы игі іске атсалысқан жандарға алғысын білдірді.


АЙБАТ КҮДЕРБЕКҰЛЫ, ҚАРАСПАН АУЫЛ ОКРУГІ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Құдайдың сәті түскен күні болып тұр бүгін. Үлкен амбулатория қолданысқа беріліп жатыр. Халық деп жүрген баршаңызға айтар алғысым шексіз.


Қазіргі таңда облыстың денсаулық сақтау саласында 219 мекеме жұмыс істейді. Ал биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа медициналық нысан салу көзделіп отыр.