Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде “Толық адам ілімі: дәстүр мен инновация сабақтастығы” атты ғылыми-теориялық конференция өтті. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған жиынға алыс-жақын шетелдерден ғалымдар қатысып, данышпан еңбектерін дәріптеді. Пікір алмасып, тәжірибе ұштады.


Конференцияға Түркия, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды мемлекеттерден ғылыми мақалалар жолданған. Бәрі де ұлы ойшыл Абай еңбектерін ұлықтайды. Рабиға Қуатбекованың айтуынша, келіп түскен еңбектер жинақталып, топтама болып жарық көрген. Басты мақсат – студент санасына данышпан шығармаларын сіңіріп, мән-маңызын ұғындыру.


 РАБИҒА ҚУАТБЕКОВА, ӘБДІМҰСА ҚУАТБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ
 – «Абай халқымыздың рухани темірқазығы. Ұлттық сананың биік үлгісі. Шығармалары терең философияға толы.»  «Жастар жағы да толық қатысып отыр. Жақсы тақырыптар қозғалып жатыр.»


Хәкім жырлары қатардағы қара сөздердің бірі емес, үңілсең үлгі алар, бағыт-бағдар ұсынар тұтас энциклопедия. Оны жас өрен санасына сіңіріп, ұмыттырмау – аға буын арқалаған айбынды жүк, абыройлы міндет! Осылай деген мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Құлбек Ергөбек конференцияға модераторлық жасап, ой-пікірлерін ортаға салды. Зерттеу еңбектерін ұсынып, тағылымды әңгіме өрбітті.


ҚҰЛБЕК ЕРГӨБЕК, ЖАЗУШЫ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ
 – «Абайды тану – қазақты тану. Абайды тану – бүкіл түркі халқын тану.»


 Конференцияға студенттер де қатысты. Олар баяндамашыларды ұйып тыңдап, әрбір ойға мұқият мән берді. Қажет тұсын түртіп алып, тереңіне үңілді. Студенттік ректор Арайлым Мейірбекованың сөзінше: Абай қазақ халқының болмыс-бітім, ұлттық рух, салт-санасымен біте қайнасып келеді. Отты жырлары халықты оқуға, ғылым-біліммен қарулануға үндесе, қара сөздері кей тұстағы қисық-қыңыр, астамшыл мінезді ойып сынаған. Кертарпалықпен күресіп, жаңашылдыққа үндеген.


 АРАЙЛЫМ МЕЙІРБЕКОВА, СТУДЕНТ
 – «Абай еңбектері бүгінді барлап, болашаққа бағдар жасауға көмектеседі.» «Аға буын айтқан пікірлерді түртіп алдық. Алдағы уақытта пайдалы кеңестерді іске асырамыз деген ойдамын.»


Абайтану ғылымына Шымкенттік ғалымдар да елеулі үлес қосты. Олар тыңнан түрен салып, Хәкім шығармаларын жан-жақты зерттеген. Ақжол Қалшабек пен Әзімхан Исабек данышпан еңбектерінің түпнұсқасын тірілтіп, қадым алфавитінен кириллицаға көшірген. Айтулы еңбекті жиында М. Әуезов университетінің проректоры таныстырып, мән-маңызына тоқталды.


ҒАНИ БЕСБАЕВ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚУ БАСҚАРМА МҮШЕСІ, ПРОРЕКТОРЫ
– «Біздің Абайтанушы ғалымдардың 10 жылдық еңбегі. Толық адам ілімі толық жазылған.»  «Конференцияның жастарға берері мол.»


 Конференция барысында Абай тұлғасын жан-жақты танытатын баяндамалар оқылды. Алыс-жақындағы әріптестер Zoom платформасы арқылы қатысып, ой-пікір қосты.