Аптаның әр бейсенбісінде қаламызда дәстүрлі «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтеді. Бұл жолы да «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қызметкерлері бастаған 80-ге жуық азамат тұрғындар үшін жайлы әрі таза орта қалыптастыруға атсалысты.


Әр бейсенбі өтетін тазалық жұмыстары бұл жолы Еңбекші ауданында ұйымдастырылды. Экоакцияға білек сыбана кіріскен партия қызметкерлері, жастар қанатының белсенділері, коммуналдық сала мамандары және қала тұрғындары көпқабатты үйлердің аулаларын тұрмыстық қалдықтардан тазалап, қураған ағаштар мен шөптерді кесіп, аумақты ретке келтірді.


ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Тек тазалаумен ғана шектелмей, қала тұрғындары мен қонақтарын тазалық сақтауға шақырамыз. Экологиялық мәдениет осылай қалыптасады. Қала қоқыстан тазарып келеді.


 Қала аумағын көркейтуге бағытталған тазалық жұмыстарына 80-ге жуық азамат жиналды. Жыл басынан бері «Таза бейсенбі» акциясы 51 рет ұйымдастырылған.


Ағымдағы жылы экоакцияға 4 мыңнан астам тұрғын жұмылдырылды. Қала аумағынан жалпы 48 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Дәстүрлі науқан қыс мезгілінде адам көп жүретін орындарды қардан тазалау және құм себу жұмыстарымен жалғасады.